Шетелдіктерді елден шығаруда проблемалар не үшін туындайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан аумағынан шетелдіктерді шығаруда проблемалар орын алуда. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Нұрлан Әбдіров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шетелдіктерді елден шығаруда проблемалар не үшін туындайды

«Азаматтығы жоқ шетелдіктерді елден тысқары шығаруды орындау барысында да проблемалар туындауда. Бас прокуратураның мәліметінше, тек өткен жылы ғана сот 628 тұлғаны ел аумағынан шығаруды үкім еткен. Дегенмен, оның ішінде 62 тұлға шығарылған жоқ», - деді депутат.

Оның айтуынша, мұндай жайттың себебі әртүрлі. Мәселен, ел аумағынан шығаруды орындаудың нақты мерзімі жоқ. Жазаның бастапқы негізгі түрін орындау талабы өзгеріп жатады. Яғни айыппұл төлеуге ауыстырылады.  Көші-қон қызметі, қылмыстық-атқару жүйесі, сот орындаушылары, шекара қызметі арасында үйлесімді өзара іс-қимыл жоқ.

Сонымен қатар Нұрлан Әбдіров көші-қон қызметкерлерінің  кадрлық әлеуетіне де жан-жақты тоқталды. Олардың арасында қылмысқа ұрынып жатқандардың да бар екендігін еске салды.

«Ішкі істер министрлігі аталған қызметтегі жемқорлыққа қарсы жұмыстарды күшейтіп, кадрларды іріктеу және тәрбиелеуді қолға алуы тиіс деп есептейміз», - деді Нұрлан Әбдіров. 

Сондай-ақ, депутат Қазақстанда көші-қон бақылауының біртұтас ақпараттық базасын жасау қажеттігіне назар аудартты.

Нұрлан Әбіров террористік қылмысы үшін сотталғандардың Қазақстанда қалуы қоғамға қауіп төндіретіндігін де ашық айтты.