Шетелдіктердің елімізге келу тәртібі мен шет мемлекеттерден жұмыс күшін тартуға байланысты 1,5 мың заңбұзушылық анықталды
АСТАНА. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бас прокуратураның шетелдіктердің елімізге келу тәртібі мен шет мемлекеттерден жұмыс күшін тарту жұмыстарына байланысты жүргізген тексерулері барысында 1,5 мың заң бұзушылық анықталды.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол келтірген деректер бойынша, тексеру барысында анықталған заңсыз әрекеттер негізінде 1 қылмыстық, 232 әкімшілік іс қозғалған. Сондай-ақ заң бұзушылықтарды жою жөнінде құзырлы органдарға 83 ұсыныс енгізіліп, 4 наразылық келтірілген. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша 211 заңсыз мигрант еліне қайтарылып, 92 шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беретін 88 құжаттың күші жойылды. Сондай-ақ тағы 217 маманға қатысты 212 рұқсаттың құзырына шектеу қойылды.
Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, шетелдік компаниялар тарапынан жіберілген заңсыздықтар түрлі мәселелер бойынша орын алып отыр. Айталық, олардың бірі қазақстандық мамандарды жұмысқа қабылдауда жоғары біліктілік деңгейін талап еткенімен, өздерінің біліктілігі мүлдем төмен қызметкерлерін жұмысқа алған. «Мысалы, «Планум Кипр Лимитед» компаниясы қазақстандықтардан инженер мамандығы бойынша жоғары білімді талап етіп, ол қызметке педагог маманды алған. Ал «УзДэуСервис» ЖШС-нің өкілдері дәнекерлеуші қызметіне орналасу үшін қазақстандықтарға 5 жыл еңбек өтілі болуы қажет деген талап қоя тұрып, осы қызметке ешқандай еңбек өтілі жоқ Өзбекстан азаматын алған. Ал республиканың кейбір аймақтарында шетелдік компания иелері жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашу, оларды оқыту немесе қайта оқыту, және жергілікті мамандармен шетелдік жұмысшылардың орындарын алмастыру жөніндегі талаптарды орындамаған» деді Н.Сүйіндіков.