Шетелдіктердің құжат рәсімдеуін жеңілдететін мобильді қосымша жасалды

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов шетелдіктердің Қазақстанға келуін жеңілдететін мобильді қосымша туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шетелдіктердің құжат рәсімдеуін жеңілдететін мобильді қосымша жасалды

«Көші-қон мәселесіне бірнеше меморган мен әкімдіктер қызмет көрсетеді. Әр органның өз ақпараттық жүйелері бар және бір-бірімен интегарция жасалмаған. Сондықтан, интеграция жасап, «Migrationgovkz» немесе қазақша атауы – «Құтты мекен» деген платформа жасап, тестілеуден өткіземіз. Мобильді қосымша арқылы шетелдікті шақырған қазақстандық азамат өтініш бере алады», - деді Ілияс Испанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, «Migrationgovkz» қосымшасында көші-қон бойынша 13 бағыт болады.

«Қосымша арқылы шетелдіктер авторизациядан өтпестен барлық мәліметті көре алады. Рұқсат алу үшін олар қосымшада қандай статуспен келетінін, қандай мақсатпен (оқуға, емделуге, виза алуға, қандас мәртебесін алуға) келетінін белгілеп көрсетеді және өтініш осындағы мемлекеттік органдарға кеп түседі. Мәселен, діни миссионер болса – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен, спортшы болса – Мәдениет және спорт министрлігінен рұқсат алуы керек», - деп түсіндірді І. Испанов.

Мобильді қосымша ендігі жылдың жартыжылдығында іске қосылады.

Айта кетейік, жыл басынан бері Қазақстанға 8 млн жуық шетелдік келген.