Шетелдіктердің жұмысқа орналасуына рұқсат беру жедел әрі сапалы болмақ

АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (ҚР ЕХӘҚМ) бастамасымен жергілікті атқарушы органдардың, индустрия және жаңа технологиялар, сыртқы істер министрліктерінің, Бас прокуратураның қатысуымен бейне конференция ұйымдастырылды.

Шетелдіктердің жұмысқа орналасуына рұқсат беру жедел әрі сапалы болмақ

Бұл туралы ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметінен хабарлады.

Шара барысында шетел азаматтарының жұмысқа орналасуына рұқсат беру қызметінің сапасын арттыру мәселелері талқыланды.

Инвесторлар мен кәсіпкерлерге барынша қолайлы жағдай жасау үшін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице - министрі Ерғали Егемберді шетел азаматтарына және олардың жұмыс берушілеріне рұқсат беретін мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру мәселелерін көтерді. Биыл министрліктің бастамасымен шетелдік жұмыс күшін тарту Ережесіне «Е - лицензиялау» ақпараттық жүйесі арқылы рұқсат беру рәсімін автоматтандыруды қарастыратын өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, рұқсат алу үшін ұсынылатын құжаттардың тізімі барынша қысқартылды.

Бұдан бөлек, рұқсат беруде жергілікті атқарушы органдардың жұмысындағы кемшіліктері жайлы айтылды.

«Уәкілетті орган шетел азаматтарына рұқсат беру кезінде заң бұзуға жол бермей, түрлі әкімшілік бөгет туғызудан аулақ болуы керек» - деп хабарлады бейне конференцияда Көші-қон жөніндегі Комитет төрағасы Ақмәди Сарбасов.

Жиынның қорытындысы бойынша мамандар жергілікті атқарушы органдарға әкімшілік рәсімдеуді сақтау үшін қызметкерлердің жауапкершілігін арттыруды, қызметті әлдеқайда жедел әрі сапалы көрсетуді ұсынды.