Шетелдіктерге Қазақстандағы туристік нысандарды көп насихаттау керек - Kazakh Tourism
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев Қазақстандағы туризмнің даму қарқыны жөнінде әңгімеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, шетелдік саяхатшылардың көпшілігі Қазақстанның туристік жерлерінен хабарсыз.
«Қазақстанда визалық мәселелер оңымен шешіліп келеді, әуе қатынастары да даму үстінде. Девальвациядан кейін туристер үшін анағұрлым арзан елге айналдық. Сонда да саяхатшылардың толассыз легін көріп отырған жоқпыз. Себебі, халық Қазақстанның туристік жерлерінен хабарсыз, Қазақстанға саяхаттауға болатынын білмейді. Біздің қазіргі жұмысымыз - сол ақпараттық вакумды толтыру болып отыр. Қазақстан дегенде мұнай мен газды ғана елестетпей, туризмі дамыған, бизнес жасауға қолайлы ел деп қабылдаулары қажет», - деді Тимур Дүйсенғалиев Астанада Қазақстанның іскерлік туризміне арналған жиналыста.
Компания өкілінің айтуынша, соңғы уақытта Астана мен Алматы қаласына келетін туристердің саны артқан және Қазақстанда іскерлік туризм мен экотуризмді тиімді дамытуға болады.
«Бір кездері Қырғызстан мен мен Өзбекстанға қарағанда, Қазақстандағы демалыс қымбатырақ болатын. Қазір үш елдің бағасы теңесті. Алматының бесжұлдызды қонақүйінде топтық тариф - 35 мың теңге. Яғни, 100 долларға қала орталығындағы ең үздік қонақүйде демалуға болады. Алакөлде үш мезгіл тамақтандыратын шипалы демалыс аймақтары - 8-12 мың теңге. Саяхатшылар тағы қай жерде 20-25 долларға толыққанды демала алады? Көптеген саяхатшы бұл туралы білмейді. Қызылорда облысындағы Жаңақорғанда өте тартымды бағаға толық емделіп шығуға болады. Осының барлығын тауарға айналдыру керек, қолайлы жағдай жасау керек. Оның үстіне, Қазақстанның орналасқан жері өте тиімді. Егер Өзбекстан ежелгі қалаларымен мәдени туризмнің орталығы атанса, Қазақстан - іскерлік және экотуризмді дамыта алады. Себебі, бизнес-турист орта есеппен 300-500 доллар қалдыратын ең тиімді саяхатшы», - деді Т. Дүйсенғалиев.