Шетелдің танымал суретшілері Түркістандағы наурызды бейнеледі

Түркістан қаласында «Nauriz in Turkistan» халықаралық суретшілері форумы қорытындыланды.
Шетелден арнайы келген қылқалам шеберлерінің жұмысы «Farab» кітапханасының фоесіне қойылды. Онда кесененің келбеті, наурыз нақыштары, Түркістан көшелері мен табиғаты кең көлемде көрсетілген.
Салтанатты шарада Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әлия Шалқарова іс-шараның жоғары деңгейде өткендігін жеткізіп, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыс айтты.
Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов әлемдік сурет өнерінің иелері екі апта бойы тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдағандарын айтты.
Шетелдік қылқалам шеберлері де өздерінің ой пікірлерін ортаға салып, алған әсерлері туралы баяндады.
Мәселен, АҚШ-тан келген Ирин Пориягина көрмеге 4 туындысын ұсынған. Соның ішінде Наурызға қатысты салған суреті өзіне ерекше әсер беріпті. Ал, Өзбекстаннан келген Дилорам Мамедова Түркістан туралы 2 сурет салған. Суретшіні түркістандықтардың қонақжайлылығы, тамаша табиғаты тәнтті етіпті.
Көрмеге жиналған көпшілік АҚШ, Армения, Польша, Түркия, Бурятия, Ресей, Өзбекстан елдерінен келген жиырмадан аса суретшінің Түркістан туралы салған суреттерін тамашалады.
Көрмеде қонақтар мен іс-шараны ұйымдастырушыларға кәдесыйлар мен арнайы алғысхаттар табыс етілді.
Айта кетейік, осыдан екі апта бұрын Түркістанда «Nauriz in Turkistan» халықаралық суретшілері форумы басталған болатын.