Шетелдің үздік хирургтері қазақстандық әріптестеріне күрделі ота жасау әдістерін үйретпек
АСТАНА. ҚазАқпарат - «University Medical Center» корпоративтік қоры шетелдің үздік мамандарының тәжірибесін Қазақстанға енгізуде. Астанадағы Ұлттық онкология және трансплантология орталығында Санкт-Петербургтен келген хирург қазақстандық мамандарға заманауи әдіспен бүйрек ісігіне ота жасау тәжірибесін үйретті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Аталмыш корпоративтік қор шетелдік мамандарды, яғни «менторларды» тарта отырып, еліміздегі клиникаларда халықаралық дәрежеде шеберлік сыныптарын өткізеді, ауыр сырқаттарға ота жасап, диагностиканың хаттамасын заманауи деңгейде толтыру жолдарын жасап шығаруды көздейді.
«Мәскеуден, Новосібірден, Санкт-Петербургтен білікті хирургтер келіп біздің орталықта операция жүргізіп жатыр. Алдағы күндері Германиядан бір профессор келіп, ота жасайтын болды. Бір сөзбен, Еуропа мен АҚШ-тың үздік медициналық мектептерінің мамандарымен тығыз қарым-қатынас басталды. Олар біздің мамандарға инновациялық әдістерін үйретеді. Атап айтқанда, зәр көпіршігінің қатерлі ісігі, бүйректің қатерлі ісігі, ер адамның потенциясы және тағы сол секілді ауруларына жасалатын отаны, өзге де диагностикалық ем әдістерінің түрлерін көрсететін болады», - дейді Ұлттық онкология және трансплантология орталығының профессоры Жаңабай Жұмағазин.
Оның айтуынша, мұндай тәжірибе алу жолына консилиум арқылы қол жеткізілген. «Урологиядағы тәртіпаралық консилиумы» жобасын Ресейдегі урологтар мен репродуктологтар қауымдастығы бастаған. Аталмыш медициналық шараның мақсаты - урология, андрология мен репродуктология саласында жаңа инновациялық технологияларды енгізіп, тың ғылыми ілімдері меңгеру.
«Консилиум бойынша біз ем-дом жөнінде кеңес өткізіп, ортақ шешім қабылдаймыз. Яғни, ортақ талқы арқылы науқасты емдеу немесе оған ота жасау, өзге де процедуралардан өткізу амалдары жөнінде кеңесе қабылданған шешім іске асырылады», - дейді орталық профессоры.
Консилиум негізінде қазіргі уақытта аталмыш орталықта қала тұрғынына ота жасалуда.
«Санкт-Петерберугтен келген профессор мен біздің мамандар ассистент ретінде көмек беріп, бүйректің ісігіне ота жасалуда. Одан кейін аталған науқастың қуығының ісігіне ота жасалып, қуықты толығымен алып тастап, тоқкішектен басқа қуық жасайды. Бұрын да бұл ота тек қолмен іске асырылатын. Енді лапароскопиялық әдіспен қолға алдық. Яғни, адамның денесін 3-4 жерден тесіп, ашық түрде түрде заманауи әдіспен жасағанда науқас үшінші күні аяққа тұрып, үйіне қайтып кете береді», - дейді Жаңабай Жұмағазин.