Шетелдік әскерилер елде тілдік курстарды аяқтағаны туралы сертификат алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Ұлттық қорғаныс университеті шетелдік тыңдаушылар үшін қазақ және орыс тілдері бойынша қарқынды курстар ұйымдастырды, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Шет мемлекеттердің әскерилері тілдік курстарды аяқтағаны туралы сертификат алды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Курсты тәмамдаған түлектерге сертификаттар табыстау рәсіміне АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт, Францияның Қазақстандағы елшілігі жанындағы әскери атташе полковник Робер Аземан және Түркияның Қазақстандағы әскери атташесі полковник Муждат Бекташ шақырылды.

Шет мемлекеттердің әскерилері тілдік курстарды аяқтағаны туралы сертификат алды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Салтанатты іс-шараға қатысушыларды ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Бауыржан Әбжанов қарсы алды. Ол оқытушылар құрамына кәсібилігі мен оқыту әдістемесін терең меңгергені үшін шынайы алғысын білдірді. Соның арқасында тыңдаушылар оқу бағдарламасын табысты игергенін атап өтті.

а
Фото: Қорғаныс министрлігі

— Тілдік даярлық — заманауи әскери қызметшіні қалыптастырудың ажырамас бөлігі. Тілдік курс олардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сонымен бірге халықаралық деңгейде тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп, өзара құрмет пен сенімге негізделген сындарлы диалог орнатуға ықпал етеді, — деп атап өтті ол.

Өз кезегінде АҚШ елшісі Джули Стаффт университет басшылығына оқытуды ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Ол майор Эбигейл Блаунт Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінде тілдік бағдарламаны меңгерген АҚШ Қарулы күштерінің алғашқы әскери қызметшісі екенін атап өтті. Елшінің пікірінше, бұл оқиға әскери білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді.

Джули Стаффт
Фото: Қорғаныс министрлігі

Ұлттық қорғаныс университетінде орыс тілі бойынша қарқынды курстардан Түркияның әскери қызметшілері — аға лейтенанттар Демир Каан, Нусрет Кодор, шебер-сержант Сердар Бинзеофицер және Франция Қарулы күштерінің офицері майор Фредерик Галлуа білім алды. 

Шет мемлекеттердің әскери қызметшілері тілдік курстарды аяқтағаны туралы сертификаттар алды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Сонымен қатар Түркияның үш әскери қызметшісі қазақ тілі бойынша курстық бағдарламаны меңгерді. Олар — аға лейтенанттар Вахит Эльалмыш, Мелих Балкаш және аға сержант Хусейн Эфе.

Бұдан бұрын қазақстандық әскери қызметшілер БҰҰ-ның 7 миссиясында міндетін атқарып жүргенін жаздық