Шетелдік БАҚ өкілдерін аккредиттеу тәртібі жетілдіріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан аумағында қызметін жүзеге асыратын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын және олардың өкілдерін аккредиттеу тәртібі жетілдіріледі. Сыртқы істер министрінің осыған қатысты бұйрық жобасы ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланды.
Ведомствоның мәліметінше, жобаның мақсаты — халықаралық тәжірибені және ақпараттық өзара іс-қимылды ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін аккредиттеу тәртібін жетілдіру.
— Көзделіп отырған өзгерістер ұйымдастырушылық сипатта болады және қолданыстағы рәсімдерді ретке келтіруге бағытталған. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарының кәсіби дербестігі, сондай-ақ аккредиттеуді жүзеге асырудың түсінікті және ашық шарттары қамтамасыз етіледі, — деп нақтылайды министрліктен.
Бұйрық жобасы 29 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға шығарылып отыр.
Айта кетелік Қазақстанда жас журналистерге арналған цифрлық платформа іске қосылған еді.