Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: Газ тасымалы, Азия ойындары және мұнай компанияларының ҚР үкіметін сотқа беруі
Осы аптада шетелдік БАҚ-та Ресейдің Қазақстан арқылы Өзбекстанға газ жеткізуі, алпауыт мұнай компанияларының Қазақстан үкіметін сотқа бергені, Қазақстан құрамасының Азия ойындарында өнер көрсетуі жайлы мақалалар жарияланды. Толығырақ Kazinformсарапшысының шолуында.
Reuters: Ресей Қазақстан арқылы Өзбекстанға газ жеткізе бастайды
7 қазанда Reuters ақпарат агенттігі «Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырымен Ресейдің табиғи газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасын іске қосу рәсімі өткені туралы хабарлады. Салтанатты шараға үш ел президенті қатысты.
Ресейдің «Газпром» компаниясымен (GAZP.MM) жасалған екі жылдық келісімге сәйкес, Өзбекстан тәулігіне 9 миллион текше метр табиғи газ импорттайды.
Bloomberg: Ірі мұнай компаниялары Қазақстан үкіметін сотқа берді
11 қазан күні Bloomberg басылымы Қашаған инвесторлары Қазақстан үкіметін халықаралық сотқа беретіні жайлы жазды. Олар ел үкіметіне 5 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі экологиялық айыппұлға қатысты дау бойынша халықаралық арбитражға шағымдануы мүмкін екендігін хабарлаған.
Биыл Қазақстан билігі Қашаған кен орнының операторы North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясын кен орнында «күкіртті өте көп мөлшерде сақтады» деп 2,3 триллион теңге немесе 4,8 миллиард доллар айыппұл төлеуге міндеттеген еді. Бірақ мұнай алпауыты өздерінің ешқандай заңсыздық жасамағанын айтып, сотта жеңіп шықты. Ел үкіметі мұнымен келіспей, апелляциялық шағым түсірген болатын. НКОК-тың Eni SpA, Shell Plc,Эксон мобайл және Тотал энерджис ЭСИ секілді халықаралық серіктестіктері Қазақстан билігін айыппұл бойынша келісімге келуге шақырған көрінеді. Ал, келісімге келе алмаған жағдайда халықаралық арбитражға шағымданамыз деп доқ көрсетіпті. Бұған қатысты NCOC пен Энергетика министрлігі де, компанияның серіктестіктері де әзірге ресми пікір білдірмей отыр.
Сaspiannews:Қазақстан Азия ойындарында 80 медаль қанжығылады
10 қазан күні Сaspiannews басылымы Қазақстан Азия ойындарында 80 медаль жеңіп алғаны туралы хабарлады. Ел құрамасы сапында Азиадаға спорттың 30 түрінен 525 спортшы қатысқан. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан 11-орын алды.
Қазақстан спортшылары бұл Азия ойындарында 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль қанжығалады. Үздік үштікте: Қытай – 383 медаль (201 алтын, 111 күміс, 71 қола), Жапония – 188 медаль (52 алтын, 67 күміс, 69 қола) және Оңтүстік Корея – 190 медаль (42 алтын, 59 күміс, 89 қола). Ал төртінші орындағы Үндістанда – 107 медаль (28 алтын, 38 күміс, 41 қола) бар.
Interfax: Қазақстан ІІІ тоқсанда Өзбекстанға 31,1 мың тонна ресейлік мұнай транзитін жүзеге асырды
13 қазанда Interfax басылымы биылғы үшінші тоқсанда «ҚазТрансОйл» АҚ "Омбы - Павлодар - Шымкент - Шағыр мұнай құю эстакадасы" бағыты бойынша Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстан Республикасына 31,1 мың тонна Ресей мұнайын тасымалдағаны туралы хабарлады.
«ҚазТрансОйл» бірінші тоқсанда Өзбекстанға 10 700 тонна, ал екінші тоқсанда 37 900 тонна Ресей мұнайының транзитін жүзеге асырды. Қазан айында Ресей мұнайының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Өзбекстан Республикасына транзитінің көлемі 25 мың тоннаны құрады», - делінген мақалада.