Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: киік аулауға рұқсат, Орбанның ордені, Макронның стратегиялық сапары
Осы аптада әлемдегі, оның ішінде Еуропадағы бұқаралық ақпарат құралдары Франция президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға сапарын жарыса жазды. Бір басылым Макронның келуін «стратегиялық сапар» десе, екіншісі «неліктен Орталық Азияға қызығып отыр» деген тақырыппен ұсынды. Ал, Макронның өзі сапарын қорытындылап, Твиттерде «Қазақстанды сенімді серіктес» деп атады. Айтпақшы, Макрон твитті қазақша жазды. Сондай-ақ, БАҚ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мажарстан премьері Виктор Орбанға I дәрежелі «Достық» орденін табыстағанын жазды. Бұдан бөлек жапониялық басылым еліміздегі ақбөкенді аулауға рұқсат берілгенін бөлісті. Кazinform сарапшысы халықаралық басылымдардың елімізге қатысты жазған материалдарына шолуды ұсынады.
Бұл аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмысы қауырт болды. Астанаға ресми сапармен Франция президенті келді, одан кейін Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы саммиті өтті. Ел президенті бірнеше елдің басшыларымен кездесіп, маңызды шараларға қатысты. Мұндай кездесулер шетелдік БАҚ-тың назарына ілікті.
ВВС: Неліктен Франция президенті Орталық Азияға қызығып отыр?
ВВС «Неліктен Франция президенті Эмманюэль Макрон Орталық Азияға қызығып отыр» деген тақырыппен Макронның сапары туралы жазды. Басылым «Бұл сапар ядролық және қазба отындарын Еуропаға жеткізу үшін аймақтың (Қазақстанның) маңызын білдіреді. Сапар ішінара бизнесті жандандыру, Қазақстан және Өзбекстанмен байланысты нығайтуды көздеді» деп келтірді.
Бұдан бөлек ВВС Нигердегі әскери төңкеріс Францияның атом өнеркәсібіне қауіп төндіру мүмкіндігін арттырғаннан кейін Макрон Қазақстанға «уран үшін келді» деп көрсеткен.
Шындығында, бұндай үрейдің ауқымы жөнінде асыра айтылған. Өткен жылы Францияға уран жеткізуші елдер арасында Нигер екінші орында болды. Бірінші – Қазақстан. Президент Макрон сәрсенбіні әлемдегі ең ірі уран өндіруші ел Қазақстанда өткізді..., – деп жазды басылым.

Тhe Guardian: Эмманюэль Макрон Францияның Қазақстанмен ынтымақтастығын жандандыруға уәде берді
Ал, Тhe Guardian «Франция негізінен ТotalЕnergies энергетикалық компаниялары арқылы Қашаған теңіз кен орнын игерудің ауқымды жобасына қатысады. Соның арқасында Франция Қытайдан озып, Қазақстандағы бесінші ірі шетелдік инвестор» екенін атады.
Мұнайға бай Қазақстан Еуропа елдеріне шикі мұнай жеткізуде Ресейдің орнын алмастырды және Қытай-Еуропа сауда маршрутында маңызды роль атқарып отыр. Қазақстан – уранның ірі экспорттаушысы, ал франциялық Orano қазірдің өзінде «Қазатомөнеркәсіп» мемлекеттік атом компаниясымен бірлескен кәсіпорынды басқарады, – деп жазды басылым.
Бұдан бөлек Макрон мен Тоқаев пайдалы қазбалар мен энергетикадан бастап фармацевтика және аэроғарыш салаларына дейінгі әртүрлі салада бірқатар келісімшартқа қол қойғанын атап өткен.
Сондай-ақ, басылым Макронның сапарындағы маңызды мақсаттардың бірі – еліміздегі атом электр станциясының құрылысына қатысу деп келтірді.
Франциялық EDF энергетикалық компаниясы – Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысын жүргізуге үміткер. Бұл жоба бойынша шешім биылғы референдумда қабылдануы тиіс. Аймақта жеткілікті таза энергетикалық технологиялар үшін маңызды саналатын минералдар келіссөздердің маңызды бөлігі болды, – деп жазды Тhe Guardian.
Аljazeera: Макрон Орталық Азия бойынша стратегиялық турмен Қазақстанға барды
Басылым Франция басшысының Қазақстанға сапарын «Орталық Азия бойынша стратегиялық тур» деп жазған. Сонымен қатар, Макронның Тоқаевпен кездесуінде экономика секторларын, соның ішінде экологиялық таза энергетикалық технологиялар, фармацевтика және аэроғарыш өнеркәсібі үшін маңызды пайдалы қазбаларды қамтитын бірқатар келісімге қол қойылғанын атап өткен.
Сондай-ақ, басылым Франция басшысының баспасөз конференциясында екіжақты әріптестік перспективасына қатысты пікірін келтірген.
Біздің әріптестігіміз жақсы стратегиялық бағытта дамып келеді, сондай-ақ оны толықтыру және жеделдету қажеттігін көрсетіп отыр, – деді Макрон Қазақстан астанасында өткен баспасөз мәслихатында.
Содан кейін «Қасым-Жомарт Тоқаев Францияны Еуропалық Одақтағы негізгі және сенімді серіктес деп атады және әріптестікке қосымша серпін беру қажет екенін мәлімдеді» деген.
Dailynewshungary: Премьер-министр Орбан Қазақстанның жоғары мемлекеттік наградасын алды
Сонымен қатар, шетелдегі БАҚ осы аптада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанға I дәрежелі «Достық» орденін табыстағанын да жазды. Айта кетейік, бұған дейін Виктор Орбанның елімізге не үшін келгенін жазғанбыз.

Премьер-министр Виктор Орбан Қазақстан Республикасына достық сапармен барды. Осыған орай оған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев І дәрежелі «Достық» орденін табыс етті. Баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген Орбан Тоқаевқа Қазақстан-Мажарстан достығы рухында берілген мемлекеттік награда үшін алғыс білдіріп, мұны абырой санайтынын және «біз екі ел арасындағы тұрақты ынтымақтастыққа жәрдемдесу жөніндегі жұмысты жалғастырамыз» деді, – деп жазды мажарстандық басылым.
The Japannews: Қазақстан киік аулауға рұқсат берді
Бұдан бөлек жапониялық БАҚ «ел үкіметі қазіргі уақытта екі миллионға жуық ақбөкен бар деп мәлімдеді. Бір кездері киіктерге жойылып кету қаупі төнген, бірақ әлі күнге дейін Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізімінде» деп жазды.
Басылым ҚР экология министрі Ерлан Нысанбаевтың баспасөз мәслихатында айтқан «ақбөкендер шаруашылықтарға 12 миллиард теңге зиян келтірді» деген сөзіне сілтеме жасайды.
Екі әдіс бар – оларды күндіз тормен ұстап, түнде ату. Мен жауаптан қашпаймын. Бізге екінші нұсқаны да қолдануға тура келеді, – деп жазды басылым министрдің сөзін.