Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: Қытайға теміржол, Тоқаевтан «Достық» ордені, Түркиямен әскери ынтымақтастық

БАҚ-қа шолу
Коллаж: Midjourney

Осы аптада шетелдік бірнеше басылым Kazinform халықаралық ақпарат агенттігіне сілтеме жасап, Қазақстанға қатысты жаңалықтарды жариялады. Оның ішінде Қазақстанның Қытайға қарай салатын теміржолы, Түркиямен әскери ынтымақтастығы туралы жазды. Бұдан бөлек әлемдік БАҚ шетелдік инвесторларға әуежайды сенімгерлік басқаруға беру, Өзбекстанмен жасыл электр энергиясын экспорттау туралы келісімге келгенін хабарлады. Толығырақ Kazinform сарапшысының шолуынан оқыңыз.

Қазақстан Қытайға апаратын теміржол салады

wam.ae басылымы Kazinform-ға сілтеме жасап, Абай облысында салынатын жаңа теміржол желісі туралы хабарлады.

Қазақстанның Абай облысы Қытаймен шекарадағы үшінші теміржол өткізу бекетіне апаратын «Бақты-Аягөз» бағыты бойынша ұзындығы 272 шақырым болатын жаңа теміржол желісінің құрылысын бастады. Бұл туралы Kazinform хабарлады... Жоба транзит-көлік әлеуетін арттыруға арналған. Қайта құрылымдау аясында Қытаймен шекарада үшінші өткізу пункті – Бақты-Шәуешек ашылады, – деп жазды әмірліктердегі басылым.

Сондай-ақ, ақпарат агенттігі «Бақты-Аягөз» теміржол желісі Қазақстан мен Қытай арасындағы транзиттік өткізу қабілетін 28 миллион тоннадан 48 миллион тоннаға дейін арттыруға, оңтүстіктегі өткізу бекеттеріндегі кептелісті жоюға және қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік береді. Теміржол 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Айта кетейік, Абай облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттары бойынша жеке инвестордың қатысуымен ірі жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Теміржол құрылысы барысында 11 вокзал, 47 көпір, 23 теміржол және сегіз автомобиль өткелі, бес жаяу жүргіншілер көпірі салынады.

Қазақстан шетелдік инвесторлармен әуежайды сенімгерлік басқару жайлы келіссөз жүргізіп жатыр

Қазақстанның Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда әуежайларын сенімгерлік басқаруға беру бойынша әлемнің ірі инвесторларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Interfax ҚР көлік министрі Марат Қарабаевқа сілтеме жасап хабарлады.

Еліміздің әуежайларында мультимодальды орталықтарды құру бойынша қажетті тәжірибесі мен капиталы бар жеке инвесторларды белсенді түрде тартып жатырмыз. Қазіргі талқылаулар Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда әуежайларын басқаруды тәжірибелі әлемдік инвесторларға тапсыруға бағытталған, – деп келтірді министрдің сөзін басылым.

БАҚ-тың мәліметінше, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әуежайында жеке инвесторларды тарту жұмыстары аясында ұшу-қону жолақтарын, жанар-жағармай құю кешендерін қайта жаңарту, сондай-ақ жолаушылар және жүк терминалдарын кеңейту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.

Қазақстан мен Өзбекстан жасыл электр энергиясын экспорттау туралы келісімге келді

Қазақстан мен Өзбекстан жасыл электр қуатын Әзербайжан арқылы Еуропаға экспорттау туралы келісімге келді, деп хабарлайды Azernews Әзербайжанның энергетика министрі Парвиз Шахбазовтың әзербайжан-түрік инвестициялық форумындағы сөзіне сілтеме жасап.

Әзербайжан министрі Нахчыван арқылы Түркияға баратын энергетикалық дәліз бойынша екі елдің кеңейтілген жұмыс тобы құрылатынын мәлімдеді.

Шахбазов алдағы уақытта Әзербайжан түрлі бағыт бойынша 5000 МВт-қа дейін жасыл энергияны экспорттауды жоспарлап отырғанын, оның ішінде 1000 МВт Нахчыван Автономиялық Республикасы арқылы экспорттауды жоспарлап отырғанын еске салды, – деп жазды әзербайжандық басылым.

Қытай Қазақстанның Каспий порттарындағы инфрақұрылымды зерттеп жатыр

Eurasianet басылымы еліміздің Көлік министрлігіне сілтеме жасап қытайлық Shipbuilding Industry Corp. компаниясы Қазақстанның Ақтау және Құрық портында контейнерлік қондырғылар салу мүмкіндігін зерттеп жатқанын хабарлады.

Министрлік мәлімдемесінде China Railways Group Ltd. қолданыстағы бағыттарды модернизациялау және жаңа теміржол желілерін салу жобаларына қызығушылық танытқаны айтылған. Талқылаудан кейін әзірге нақты мәмілелерге қол қойылған жоқ, – деп жазды басылым.

 

Қазақстан мен Түркия әскери ынтымақтастықты кеңейтуде сенімді түрде алға жылжып келеді

jamestown басылымы Kazinform-ға сілтеме жасап, ҚР Қорғаныс министрлігі түріктің ұшқышсыз басқарылатын ұшақтарын шығару үшін отандық компанияны таңдау процесі жүріп жатқанын хабарлады. Осылайша, бұл мәлімдеме Түркияның Anka ұшқышсыз ұшатын аппараттарын (ҰҰА) Қазақстанда өндіру 2024 жылы басталады деген бұрын жарияланған хабарды растап отыр.

Астана мен Анкара 2022 жылдың мамырында бұл дрондарды бірлесіп шығару туралы келісімге келген. Сол кезде Қазақстан машина жасау және түрік аэроғарыш өнеркәсібі әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойып, Қазақстанда дрон құрастыру және техникалық қызмет көрсету желісін салу жоспарын жариялады. Келісімнің арқасында Қазақстан түрік жауынгерлік ұшқышсыз ұшақтарын шығаратын алғашқы шетел мемлекеті болмақ, – деп жазды басылым.

Қазақстан Президенті БАӘ елшісіне «Достық» орденін табыс етті

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы Елшісі доктор Мұхаммед Саид Мұхаммед Әл-Аларикидің екіжақты қарым-қатынастар мен ынтымақтастық байланыстарын нығайтудағы күш-жігерін жоғары бағалай отырып, екінші дәрежелі «Достық» орденін табыс етті. Бұл туралы wam басылымы жазды.

Қазақстанның елордасы Астанадағы Президент сарайында өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ мен Қазақстанды байланыстыратын дипломатиялық және берік қарым-қатынастарды, БАӘ халықаралық деңгейдегі ұстанымын жоғары бағалайтынын мәлім етті, – деп жазды басылым.

Сондай-ақ, басылымның мәліметінше, елші Әл-Аларики мәртебелі марапатты тапсырғаны үшін Президент Тоқаевқа алғыс білдірді. Ол Қазақстан Республикасына гүлденіп, өркендей беруін тіледі және екі елдің өзара мүддесіне сай келетін түрлі саладағы екіжақты байланыстарды нығайтуға және дамытуға бағытталған БАӘ мен Қазақстан басшылығының күш-жігеріне ризашылығын білдірді.

Соңғы жаңалықтар