Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: Қытаймен газ келісімі, Қашаған соты, Астана әуежайын жаңғырту

Осы аптада шетелдік БАҚ-та Қазақстан мен Қытай арасындағы газ жеткізуге арналған жаңа келісімшарт, Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Қашаған бойынша сот процесіне қатысты мәлімдемесі, БАӘ-нің Terminals Holding компаниясымен Астана әуежайын мультимодальды хаб ретінде дамыту бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаны жайлы мақалалар жарияланды. Толығырақ Kazinform сарапшысының шолуында.

шолу
Коллаж: akorda.kz/ midjourney/ airastana.com

Reuters: Қазақстан мен Қытай газ жеткізу бойынша жаңа келісімшартқа қол қойды

18 қазанда Reuters ақпарат агенттігі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бейжіңге сапары кезінде қазақстандық QazaqGaz және қытайлық Petrochina International газ жеткізу жөнінде жаңа келісімшартқа қол қойғанын хабарлады.

«Компания саясатына байланысты өзін атаудан бас тартқан Қытай өнеркәсібінің өкілі келісімшарт қолданыстағы келісімнің жалғасы екенін айтты»,-делінген мақалада.

Қазақстан бірнеше жылдан бері Қытайға табиғи газ жеткізіп келеді, дегенмен уақыт өте келе жеткізілетін газ мөлшері азайды. Бастапқыда бұл төмендеу сұраныстың төмендеуімен байланысты болса, кейінірек ішкі тұтынудың артуы әсер еткен.

«Рейтер агенттігінің ресми кеден деректеріне негізделген есебіне сәйкес, Қытай 2018-2022 жылдар аралығында Қазақстаннан жылына орта есеппен 4,5 миллион метрикалық тонна немесе шамамен 6,2 миллиард текше метр табиғи газ импортталған», - делінген мақалада.

Reuters: Қазақстан министрлігі Қашағандағы 5 миллиард долларға қатысты сот шешіміне шағымданды

16 қазанда Reuters ақпарат агенттігі Қашаған ірі мұнай кеніішінің операторына қарсы 5 миллиард долларлық сот ісі жайлы мақала жариялады.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев сот талапты қанағаттандырмаған соң министрлік аппеляциялық шағым түсіргенін айтқан.

«Астана Қашағандағы серіктес компанияларға, сондай-ақ Қарашығанақ газ конденсаты кен орнын игеруші компанияларға қарсы халықаралық арбитражға шағым түсірді», - делінген мақалада.

China Daily: Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында 1300 шақырым темір жол салады

China Daily газеті 18 қазанда Бейжіңге сапармен барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сілтемемен Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында алдағы үш жылда 1300 шақырым жаңа теміржол салатынын жазды.

«Қазақстан мен Қытай халықтарының мүддесін, достық пен мәңгілік стратегиялық әріптестік рухын басшылыққа ала отырып, біздің еліміз «Бір белдеу, бір жол» бастамасының жоғары мақсатын одан әрі ілгерілетеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Anadolu Agency:Қазақстан Израильді палестиналық бейбіт тұрғындарға қарсы «билікті шамадан тыс пайдаланудан» аулақ болуға шақырады

Түркияның Anadolu агенттігі 17 қазанда Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Израильдегі қақтығыс туралы ресми мәлімдемесі туралы мақала жариялады.

«Қазақстан сейсенбі күні Израиль билігін палестиналық бейбіт тұрғындарға қарсы «билікті пропорционалды емес пайдаланудан» аулақ болуға шақырды. Бұл жағдайда халықаралық құқық нормаларын сақтау және Палестина халқының заңды құқықтарын қамтамасыз ететін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларын орындау өте маңызды», - делінген мақалада.

Channel News Asia: Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы Орталық Азияға пайда әкелді ме?

Сингапурдың Channel News Asia жаңалықтар арнасы 17 қазанда Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының Орталық Азияға қалай ықпал еткені туралы мақала жариялады.

Жаңалықтар арнасы Bri шеңберіндегі жобалар қалай жүзеге асырылып жатқанын көру үшін Орталық Азия елдеріне барды.

Қазақстанда тілшілер «BRI - дің ең өршіл жобаларының бірі - «Қорғас қақпасы» орналасқан, Қытайдың Қазақстанмен солтүстік–батыс шекарасы бойындағы стратегиялық маңызы бар қала –Қорғасқа барды.

«Мұнда тауарлар Еуропаға жол тартпай тұрып, Қытай пойыздарынан қазақстандық пойыздарға тасымалданады. Себебі, Қытайдың теміржол вагондарының өлшемі қазақстандық пойыздардан тар, сондықтан қытайлық пойыздар Қазақстан жолдарымен жүре алмайды», - делінген мақалада.

Agenzia Nova: Астана әуежайын БАӘ компаниясы жаңғыртады

Италияның Agenzia Nova басылымы 17 қазанда Қазақстан мен Emirati Terminals Holding арасындағы келісімге сәйкес Астана әуежайы модернизацияланады деп хабарлады.

«Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Біріккен Араб Әмірліктерінің Terminals Holding компаниясы арасында қол қойылған келісімнің арқасында Қазақстанның елордасы Астана қаласының әуежайы ірі мультимодальды хабқа айналады», - делінген мақалада.

Мақалада БАӘ-нің Terminals Holding компаниясы елорда әуежайының қызметін жан-жақты бағалауды жүзеге асырып, кейіннен жолаушыларға қызмет көрсету сапасын және жалпы әуежайдың тиімділігін арттыру үшін жедел басқаруды өз қолына алатыны туралы жазылған.