Шетелдік инвестор Бозжыра шатқалына қонақүй салуға ниетті

АҚТАУ. KAZINFORM – Бұл туралы Маңғыстау облыстық туризм басқармасы хабарлады. Жергілікті әкімдік өңірдің туристік әлеуетін дамытып, инвестиция тарту бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Соның аясында, осы жылы 29 мамырда Ақтау қаласына жұмыс сапарымен шетелдік инвестор – «Agalarov Development» компаниясының негізін қалаушы, девелопер Эмин Агаларов бастаған делегация келген.

Бозжыра
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

- Өңір әкімдігі шетелдік инвесторға туризм саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру үшін перспективалы алаңдарды таныстырды. Кездесу қорытындысы бойынша инвестор облыстың туристік инфрақұрылымын дамытуға қызығушылық білдірді. Келіссөздер барысында туристік әлеуеті жоғары «Кендірлі» курорттық аймағының мастер-жоспарын әзірлеу бастамасы талқыланды, - делінген хабарламада.

Инвестор сонымен қатар жоғары геологиялық, мәдени және эстетикалық құндылыққа ие бірегей табиғи нысан - Бозжыра шатқалында экологиялық тұрғыда тұрақты қонақүй салуға қызығушылық танытқан. 

Бозжыра
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

- Жобаның тұжырымдамасы нысанды табиғи ландшафтқа үйлесімді етіп, халықаралық экологиялық стандарттар бойынша салуды көздейді. Мастер-жоспарларды әзірлеу барысында қоршаған ортаны қорғау, антропогендік әсерді азайту, сондай-ақ жергілікті халықтың, сала сарапшылары, экологтар мен ғылыми қауымдастық өкілдерінің пікірлерін ескеру мәселелеріне ерекше назар аударылады. Қазіргі уақытта инвестормен келіссөздер жалғасып жатыр. Аталған жобалар талқылану сатысында, - делінген облыстық Туризм басқармасы таратқан хабарламада.

Бозжыра
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Бұған дейін Маңғыстауда Бозжыра шатқалында визит-орталығының құрылысы басталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар