Шетелдік телебағдарламаларды ретрансляциялау 10 пайызға дейін азайтылмақ

Елімізде шетелдік теле, радиобағдарламаларды ретрансляциялау 20-дан 10 пайызға дейін азайтылмақ. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жауабында айтылған, деп хабарлайды Kazinform.

депутаттық сауал
Фото: pixabay.com

«Мемлекеттің мүдделерін, қоғамның сұранысын және медиа саланы дамыту үрдістерін ескере отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Масс-медиа туралы» заң жобасы әзірленді. Қазіргі уақытта аталған заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында», - деп атап өтеді Тамара Дүйсенова жауабында.

Оның атап өтуінше, аталған заң жобасында мемлекет мүдделерін және қоғам мен журналистік қоғамдастықтың қазіргі заманғы сұраныстарын ескеретін нормалар көзделген.

«Бұл ретте, Парламент Мәжілісінің депутаттарымен телеарналарда тіл балансына қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған нормалар ұсынылып, басым көпшілігімен келісілді. Осылайша, «Масс-медиа туралы» заң жобасында отандық телеарналарда шетелдік телехикаяларды көрсетудің үлесін шектеу мақсатында шетелдік теле, радиобағдарламаларды ретрансляциялауды 20 пайыздан 10 пайызға дейін азайту көзделген. Қазақ тіліндегі теле, радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемін 50-ден 70 пайызға дейін, яғни 20 пайызға ұлғайту ұсынылуда», - деді Үкімет басшысының орынбасары.