Шетелдік туристер Қырғызстан парламентіне бара алады
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанның Жогорку Кенеші шетелдік туристер үшін аптасына бір рет ашық болады. Қонақтар парламент ғимаратымен таныса алады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Қырғызстан Жогорку Кенешінің баспасөз қызметінің мәліметінше, экскурсия барысында туристерге музей мен мәжіліс залдарын аралап көруге мүмкіндік беріледі. Мұндай экскурсиялар белгіленген тәртіппен аптасына бір рет өткізіледі.
— Экскурсия ұйымдастыру Жогорку Кенештің қызметімен жақынырақ танысуға мүмкіндік беріп, шетелдік қонақтардың Қырғыз Республикасындағы негізгі мемлекеттік билік органдарының бірі — парламент туралы кеңірек түсінік алуына жол ашады. Сонымен қатар келушілер арнайы кәдесый бұрышынан естелік өнімдер сатып ала алады, — делінген хабарламада.
Қырғызстан азаматтары белгіленген талаптар мен келу тәртібін сақтаған жағдайда Жогорку Кенешке аптаның бес жұмыс күнінде де келе алады.
Бұған дейін елде туристерді міндетті сақтандыру ережелері бекітілгені хабарланған болатын.