Шетелдік туристерге салынатын жарна қайтарыла ма - вице-министр жауап берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда Қытайдағы Қазақстан туризм жылының жабылуына арналған халықаралық форум өтті. Іс-шара барысында ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев Kazinform тілшілеріне шетелдік туристер төлейтін жарна мәселесі туралы айтып берді.
Вице-министрдің айтуынша, туристерге арналған жарна әлемнің көптеген елдерінде сәтті қолданылып келеді. Бірақ туризмнің дамуына кедергі болмау үшін Қазақстан салықтың бұл түрінен уақытша бас тартқан.
- Bed tax туристік жарнасы арқылы шетелдік меймандардан 1 жылға жуық уақыт ішінде Алматыда 500 млн теңгеден астам қаражат жиналды. 2-3 доллар олар үшін көп емес, ал бюджет үшін соңында жақсы табыс әкеледі. Бірақ басшылық Қазақстан туризмінің дамуының қазіргі сатысында шетелдік туристерге барынша аз ауыртпалық түсіру керек деп шешім қабылдады, - деді вице-министр.
Сондай-ақ Ержан Еркінбаев шетелдік туристердің жарнасы заңнамалық тұрғыда сақталғанын атап өтті.
- Бүгін ел бойынша жарна көлемі 0 теңге болып белгіленген. Бірақ bed tax заңнан алынған жоқ. Болашақта Қазақстан туризмі айтарлықтай дамығанын айта бастаған кезде біз сұраққа қайтып ораламыз, - деді ол.
Вице-министр Алматының ерекше мәртебесін ескере отырып, мегаполистің өзінде ғана туристік жарнаны енгізу қаншалықты мүмкін екенін айтты.
- Бұл мүмкін. Бірақ бұл сұрақты Президент әкімшілігімен бірге қарастырамыз. Егер Президент әкімшілігінің сарапшылары мен Үкімет тарапы белгілі бір өңірге жеке туристік жарнаны қолдану мүмкін болатынын айтса, біз қарсы болмаймыз, - деді Ержан Еркінбаев.
Еске салайық, ҚР Туризм және спорт министрінің 2023 жылдың 27 желтоқсанындағы № 347 бұйрығымен Қазақстанның бүкіл аумағында нөлдік ставка бекітілді және 2024 жылы 21 ақпан күні Алматы мәслихаты шетелдік туристер үшін жарна құнын 0 теңгеге өзгертті.
Одан кейін Алматы қаласының мәслихаты ҚР Туризм және спорт министрлігіне туристік жарнаның ставкаларын өз бетінше бекітуге құзыреттілік беру туралы ұсыныс жолдаған болатын.