Шетелдіктерге Қазақстан визасын алу қиындай түсті

Виза, паспорт, самолет, путешествие
Коллаж: freepik/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанға кіруге виза рәсімдеу ережесі өзгерді. Енді елге келетін шетелдіктер отбасын асырай алатын қаржысы барын растауы керек. Бұл талап оларды шақырушы тарапқа да қатысты.

Бұл мемлекет басшысы өткен аптада қол қойған «Халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда көрсетілген.

Көші-қон заңнамасын жетілдіруге бағытталған өзгерістер жөнінде ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев мәлімдеді.

Мәжіліс депутаттары бастамашы болған бұл заң арқылы Қазақстан Республикасының 7 кодексіне және 13 заңына өзгеріс енгізілген.

Атап айтқанда:

— Қазақстанға кіруге тыйым салу; 
— Балаларға қатысты бұрын жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған иммигранттарға тұрақты тұруға және біздің азаматтығымызды алуға рұқсат беруден бас тарту;
— Шетелдіктердің экстремистік немесе террористік әрекеттерге қатысы бар екендігі туралы мәліметтер болса, елге кіруге тыйым салу;
— Ұйымдасқан топтардың көшбасшылары болып табылатын, ауыр қылмыстары үшін сотталған шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салатын негіздерді қатаңдату.

«Халықтың көші-қоны туралы заңға жаңа баптар енгізілді. Оларға сәйкес шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын заңды және жеке тұлғаларды тексеру тәртібі заңнамалық деңгейде бекітіледі. Бұл көші-қонды бақылаудың тиімділігін арттырып, жүйелі түрде жасалатын және жасырын құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Отбасымен қауышу институтын нығайту мақсатында енді Қазақстан Республикасына келуге визаны ресімдеу кезінде отбасы мүшелерін қаржылық тұрғыда қамтамасыз ете алатынын не шақырушы тарап, не шақырылған адам растауы қажет. Бұрын бұл талап тек шақырушы адамға ғана қатысты болатын», -деді Шыңғыс Әлекешев.

Өзгеріс «Азаматтық туралы» заңға да енгізілген. Мәселен, мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, еліміздің тарихы мен конституциясының негіздерін білмеген жағдайда азаматтық берілмейді. Қажетті деңгейді Ғылым және жоғары білім министрлігі айқындайтын болады.

«Түзетулер азаматтардың қоғамға тез бейімделуін көдейді. Тілді білу қоғамға тезірек сіңіп, мемлекет өміріне араласуы үшін қажет. Айта кету керек, бұл түзетулер әлемдік тәжірибеге сай. Көптеген елдерде азаматтық алу үшін мемлекет тарихы мен мемлекеттік тілді білу бойынша емтихан тапсыру қажет», -дейді ІІМ ресми өкілі.

 

Алтынбек Әмит

Соңғы жаңалықтар