Шетелдің электрлі көліктерін Қазақстанда шығаруға болады – павлодарлық ғалым

Қайратолла Әбішев
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Инженерия саласында көлік техникасының динамикасы деген бағыт бар. Бұл – машинаның басқарылуын, оңтайлылығын, жатықтығын, өткіштік мүмкіндігін арттыруға арналған ғылым. Соның ішінде көпсалалы көлік құралына қажет қозғалыс жүйесін құрастыру - терең ізденіс пен қажырлықты қажет ететін еңбек. Техника ғылымының кандидаты, профессор Қайратолла Әбішевпен ғылыми ізденістері жөнінде әңгіме өрбіттік.

 

Ғалым бүгінде Торайғыров университетіндегі инженерия факультетінің деканы. Кезінде осы оқу орнын тәмамдап, атағы бүтіндей КСРО-да, бертін ТМД-да дүркіреп тұрған Павлодар трактор зауытында қызмет жолын бастаған. Айтуынша, шынжыр табанды тракторлар шығаратын кәсіпорынның бас конструктор бөлімінде және тәжірибелік өндіріс цехында жұмыс істеген. Зауыт жабылған соң оқытушылық салаға бет бұрып, бүгінде көлік саласының болашақ инженерлері мен мамандарын дайындайды.

- Тек шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, отандық ғылым саласының дамуына белгілі деңгейде үлес қосып отырмыз. Менің таңдаған бағытым көлік техникасының динамикасы, нақтылай айтқанда көлік құралының өткіштік мүмкіндігін арттыруына байланысты. Біраз жылдан бері шынжыр табанды және дөңгелекті көліктерді жетілдірумен шұғылданып жүрмін. Кезінде зауытта ДТ-75М тракторына әртүрлі моторларды орналастыру жобаларын әзірлеумен шұғылдандық. Сол замандарда елімізде кең тараған шынжырлы тракторға ТМД-дағы мотор зауыттарында шығарылатын 4 түрлі моторды ауыстырып сала беретіндей етіп жоба жасадық. Ол сәтті шықты. Бұл жоба сол кездегі қозғалтқыш шығаратын зауыттардың моторлардың қажетті санын жеткізе алмауына байланысты пайда болды. Мақсаты - тракторларды тоқтаусыз жинауды қамтамасыз ету еді. Ал қазіргі уақытта негізінен үлкен кәсіпорындардың цехтарында, коммуналдық шаруашылық қызметінде пайдаланылатын көпсалалы көлік құралдарына арналған резеңкелі шынжыр табанды жасау жобасымен әуестеніп жатырмыз, - деп бастады әңгімесін Қайратолла Қайроллаұлы.

Айтуынша, мұндай резеңке табандар бүгінде көптеген дамыған мемлекеттердің көлік саласында қолданысқа енгізілген. Оны ауылшаруашылық техникаларында пайдалануға да болады. Резеңкенің иілгіштік, созылғыштық қасиеттерін ескерсек, құнарлы топырақты аудару, өңдеу барысында жерді таптау факторлары неғұрлым азая түсер еді, яғни металды табанға қарағанда ол экологиялық тұрғыдан тиімдірек.

техника
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Қ. Әбішевтің ғылыми жетекшілігімен университет ғалымдары Білім және ғылым министрлігі жариялаған конкурсқа қатысып, 2021-2023 жылдарға арналған жоба бойынша 55 млн теңге қаражат ұтып алған. Ғылыми жобаның алғашқы кезеңінде резеңкелі шынжыр табан орнатылған көпсалалы көлік құралының құжаттамалары толық дайындалды. Енді ғалымдар жобаның екінші кезегіне, яғни оны іс жүзінде жасаудың қамына кіріседі. Бұл бойынша еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауына үміт артып көрмек ойлары бар.

сызба
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

- Көлік саласындағы екінші бір бағытымыз – көлік құралдарына электр қозғалтқыштарды орнату. Мысалы, үлкен зауыттарда, соның ішінде өзіміздің Павлодардағы Қазақстан электролиз зауыты, алюминий зауыты, «Проммашкомплект» кәсіпорындарының өндірістік цехтарында көпсалалы көлік құралдары көп пайдаланылады. Бұдан бөлек көшелердегі қарды күреп, сыпырып жүретін шағын коммуналдық техникалар бар. Қалалық жерлердің коммуналдық қызметтері шетелдің қымбат техникаларын сатып алуға мәжбүр. Олардың көбі дизельмен, бензинмен жүреді, экологиялық жағынан аса тиімді емес. Болашақта сондай техникаларды өзімізде құрастырып, соларға арналған электр қозғалқыштар қойсақ, қандай ғанибет. Осыған мемлекет тарапынан қолдау, тапсырыс болса, біздің ғалымдар жұмыла жұмыс жасар еді. Көлік техникасы және логистика кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы біраз жылдан бері бұл салада ізденіп келеміз. Т-25 (немесе ВТЗ-35А) тракторының негізінде электр қозғалтқышы бар көпсалалы көлік құралын құрастырып шығу жобасын әзірлеген едік. Оны іске асыру үшін жауапты министрліктен 2024-2026 жылдарға 97 млн теңге қаражат бөлуді сұрап отырмыз. Министрлік жобамызды мақұлдаса, бірден іске кірісеміз, - дейді ғалым.

Қ. Әбішевтің айтуынша, бұдан бөлек ғалымдар металл кескіш аспаптар жобасы мен техниканың кейбір күрделі тетіктерін жетілдіру бойынша ғылыми ізденістерін жалғастырып жатыр. Мәселен, жуықта жергілікті серіктестіктің сұранысы бойынша ғалымдар муфтаның жаңа түрін жасауға ғылыми тұрғыдан көмек көрсеткен. Авторлығы – жекеменшік фирмаға тиесілі болғанымен, жобаны жүзеге асыруда университет мамандары сүйемелдеп шықты. Мұндай бірлескен ғылыми іс-шаралар облыстағы өзге де өндіріс орындарымен тұрақты жолға қойылған. Есесіне, ірі кәсіпорындар университетке материалдық-техникалық қамтылу жағынан қолғабыс етеді. Компаниялардың қолдауымен біраз уақыт бұрын мұнда 3D модельдеу аудиториясы ашылды. Сонымен қатар, Erasmus Plus халықаралық бағдарламасы бойынша 2020 жылы 6 мемлекеттің 9 университеті қатысқан «Таза ортаға арналған жылуэнергетикалық жүйелер бойынша университеттік білім беруді жетілдіру және PhD дағдыларын дамыту» жобасына қатысып, шетелдік тәжірибені отандық білім беру жүйесіне енгізді. Нәтижесінде жоба аясында университеттің зертханасына 5 кешен-қондырғы сатып алынды.

құрылғы
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform
құрылғы
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Сөз соңында әлемнің дамыған мемлекеттері көлік техникасын электрлі қозғалтқышқа көшіріп жатқаны дұрыс үрдіс екенін, бұл экологиялық тепе-теңдікті қалыпты ұстауда құптарлық қадам екенін атап өтті. Ғалымның пікірінше, бірақ Қазақстан, соның ішінде еліміздің солтүстік өңірлері механикалық, яғни іштен жану қозғалтқышынан бас тарта алмайды. Себебі, электрмен жүретін көліктер біздің қысқы аязымызға шыдамайтынын қазіргі тәжірибенің өзі байқатып отыр. Биыл қыста талай мақтаулы электромобильдердің өзі аязда жол бойында қатып жатқанын көзіміз көрді. Ал қала ішіндегі жолаушылар тасымалына арналған электрлі автобустар да қыста көшеге шығарылмайды. Тек тұрақты қуат көзіне қосылған көліктер, яғни трамвай, троллейбус, электрлі пойыздар ғана саланы дамытуда негізге айналуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар