Шетелге көшіп кеткен азаматтардан алимент өндіру процесі жеңілдейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Балаларға алименттерді және отбасын күтіп-бағудың басқа да нысандарын өндіріп алудың халықаралық тәртібі туралы конвенцияны және Алименттік міндеттемелерге қолданылатын құқық туралы хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды.

Шетелге көшіп кеткен азаматтардан алимент өндіру процесі жеңілдейді

Конвенция басқа елге қоныс аударған және өздерінің балаларын күтіп-бағуға заң бойынша тиісті қаражатты төлемейтін неке бұзған ата-аналардан алименттерді өндіріп алу процесін жеңілдетуге және жеделдетуге бағытталады. Сонымен қатар, құжат Қазақстанның балалық шақты қорғау бойынша саясатына сәйкес келеді.
«Конвенцияда алименттерді өндіріп алу туралы шетелдік сот шешімдері мен алименттік келісімдерді орындаудың әмбебап тәртібі айқындалады. Конвенция ратификацияланған жағдайда Қазақстан Еуропалық Одақпен және Хаттамаға қатысатын 27 елмен (Украинаны, Босния және Герцеговинаны, Норвегияны, Черногорияны, Албанияны, Ұлыбританияны қоспағанда) ынтымақтаса алады», - деді Әділет министрі Берік Имашев.
Оның айтуынша, Конвенцияға сәйкес, басқа елдер өтініштерді тек орталық органға ғана жіберуге тиіс. Ал орталық орган ретінде кейіннен Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті белгіленетін болады.
Тұтастай алғанда Хаттама ата-аналардың неке жағдайына қарамастан балаға қатысты алименттік міндеттемелерін қоса алғанда, отбасы қатынастарынан, шығу тегінен, некеден және туыстықтан туындайтын алименттік міндеттемелерге қолданылатын құқық анықталады.