Шетелге сапар: Елге дін аман оралудың жолы қандай

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті ел азаматтарына шетелде болған кезде денсаулығын барынша қалай қорғау керектігі туралы кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

Шетелге сапар: Елге дін аман оралудың жолы қандай

Сонымен комитет инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алу үшін, сондай-ақ демалысыңыз бұзылмас үшін саяхат барысында мынадай кеңес береді:

- ішуге тек бөтелкедегі немесе қайнатылған суды пайдалану. Қайнамаған судан дайындалған мұзды пайдаланбау керек;

- тек белгілі және тексерілген қоғамдық тамақтану орындарына бару;

- жемістерді, көкөністерді ішуге жарамды сумен жақсылап жуу және қайнатылған сумен шаю;

- ет, балық, теңіз өнімдері термиялық өңдеуден кейін пайдаланылуы тиіс;

- тамақтанар алдында қолды сабынмен жуу, қолға арналған антисептиктерді (санитайзерлерді) пайдалану;

- тек бассейндерде немесе арнайы су қоймаларында ғана жүзу;

- тұратын орындар (қонақүй бөлмесі, нөмірі және т.б.) масалар үшін қолжетімді болмауы тиіс (москит торлары, инсектицидті құралдар, репелленттер);

- кененің шағуы мүмкін болатын табиғатта серуендеген уақытта жеңі ұзын ақшыл түсті киім, шалбар, ұзын көйлек кию қажет. Дененің ашық бөліктеріне репеленттер пайдалану керек;

сапар уақытында немесе одан оралған кезде денсаулық жағдайы нашарлаған кезде міндетті түрде дәрігерге қаралу керек.

Сонымен қатар комитет әлемдегі эпидемиологиялық ахуалмен де бөліскен. Мәселен, тырысқақ әлемнің 22 елінде тіркелген. Негізінен Африканың 16 елінде кеңінен тараған. Ал сібір жарасы әлемнің 14 елінде бар. Аталған елдер мыналар: Индонезия, Үндістан, Қитай, Бангладеш, Қазақстан, Қырғызстан, Филиппин, Румыния, Грузия, Танзания, Замбия, Зимбабве, Кения, Гвинея.

«СDС (АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығы) ақпаратына сәйкес эпидемиялық маусымнан бастап балалар арасынан тұмаудан 37 өлім жағдайы тіркелген. Жапонияда соңғы жылдардағы тұмаудың ең үлкен өршуі байқалады, барлығы 3 млн жуық адам науқастанған, тек соңғы апта бойы сырқаттанғандардың саны 1 млн адамға дейін өсті», - деп атап өтеді комитет.

Естеріңізде болса, бұған дейін Мысырда отбасымен демалған қазақстандық Олег Василенконың денесі іріңдеп, күлдіреп кеткендігі белгілі болған еді. Мысырлық дәрігерлер терінің күлдіреу себебін анықтай алмаған болатын. Диагноз елордаға келгеннен кейін қойылды.