Шетелге шығатын астаналықтарға вакцина алу ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова түрлі инфекциялардан қорғану мақсатында ересектер мен балаларға вакцина алуға кеңес берді. 

Шетелге шығатын астаналықтарға вакцина алу ұсынылды
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

«Оңтайлы иммунды сақтаудың жолы – екпе алу. Вакцина қолайлы эпидемиологиялық жағдайды сақтауға мүмкіндік береді. Түрлі себептермен немесе тікелей бас тартып вакцина алмаған адамдардың инфекция жұқтыру қаупі жоғары. Инфекцияны жұқтырудың арты асқынуға алып келуі мүмкін», - деді Сархат Бейсенова Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ елорданың бас санитары шетелге сапар алдында екпе алған жөн деп санайды. 

«Жаз мезгілі демалыс маусымы екені белгілі. Сондықтан шетелге барар алдында профилактикалық екпелермен алдын ала сақтануымыз керек. Себебі, вакциналардың қолдану ережелері әртүрлі, иммунитеттің қорғаныш қалқанын қалыптастыру үшін уақыт қажет. Есіңізде болсын, вакцинация балаларды да, ересектерді де инфекцияның ауыр зардаптарынан қорғаудың өте тиімді әрі қауіпсіз әдісі», - дейді ол.