Шетелге заңсыз шығарылған активтерді тәркілеу: Қазақстан өкілдеріне жаңа мүмкіндік беріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтай отырысында «Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы еуропалық конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын екі оқылымда қаралып қабылдады.
Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, Конвенцияға 1959 жылы Страсбург қаласында қол қойылған.
— Біз 2001 жылдан бері Сыртқы істер министрлігімен осы Конвенцияға қосылу үшін бірқатар жұмыс істедік. Енді былтыр маусым айында осы Конвенцияға қосылуға шақырту қағазын алдық. Конвенцияның негізгі мақсаты қылмыстық іс бойынша адамның кінәсін дәлелдеу үшін қажетті көмек алуға бағытталған. Мәселен, олар тінту, банктегі шоттарды анықтау, қылмыстан түскен табыстарды бұғаттау, сараптама жүргізу, адамдарды айғақтар беру үшін шақырту және басқалар болуы мүмкін. Дегенмен, егер сұрау салынатын тарап өтінішті саяси қылмыс немесе оны орындау егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне, басқа да айтарлықтай маңызды мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін деп есептесе, көмек көрсетуден бас тартылуы мүмкін, — деді Бас прокурордың орынбасары.
Оның мәліметінше, бүгінгі таңда 50 мемлекет Конвенцияның мүшесі. Олардың 22-сімен Қазақстан осындай екіжақты келісімшарттарға қол қойған. Енді бұл Конвенцияны ратификациялаудан кейін, тиісінше, қалған 28 мемлекетпен осындай екіжақты келісімшарттарға қол қоюдың негізі болмайды.
Сұрақ қою рәсімі барысында депутат Қарлығаш Жаманқұлова құжатты ратификациялау Қазақстанның өзге мемлекеттермен бірлесіп қылмысқа қарсы күресуде, әсіресе оның трансұлттық сипаты бар түрлеріне қарсы іс-қимыл кезіндегі ынтымақтастығын дамытуда маңызды қадам саналатынын және еліміздің жаһандық аренадағы беделін артта түскенін білдіретінін атап өтті.
— Бұл ретте мынаны нақтылап алғым келеді. Конвенция уақыт өте келе халықаралық құқықтық көмек көрсетудің жекелеген тетіктерін кеңейтіп, нақтылайтын 3 хаттамамен толықтырылғаны белгілі. Конвенцияның өзін ратификациялау Қазақстанның осы қосымша хаттамаларға автоматты түрде қосылуын білдіре ме, әлде олар әрқайсысына қатысу үшін жеке ратификациялау рәсімінен өту қажет пе? , — деп сұрады ол.
Сауалға жауап берген Бас прокурордың орынбасары Конвенцияға ратификациялау арқылы қосылу қалған үш хаттамаға автоматты түрде қосылу деп есептелмейтінін, құжаттар алдағы уақытта бөлек-бөлек ратификацияланатынын айтты.
Ал депутат Нұрлан Дулатбеков жаһандану жағдайында және қылмыстылықтың трансшекаралық сипатына байланысты қылмыстық жолмен алынған немесе заңсыз әрекеттер нәтижесінде иемделінген активтерді қайтару мәселелері бойынша мемлекеттердің өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігіне ие болуы аса маңызды екенін атап өтті.
— Әсіресе, осындай мүлік қылмыстық іс тергеліп жатқан мемлекеттің аумағынан тыс жерде орналасқан жағдайларда өте өзекті. Осыған орай мынадай сұрақ туындайды. Қазақстан осы Конвенция негізінде бізде қаралып жатқан қылмыстық іс аясында басқа мемлекетке оның аумағындағы мүлікке тыйым салу немесе оны тәркілеу туралы өтінішпен жүгіне ала ма? Егер де жүгіне алатын болса, Қазақстан Республикасының өкілдері шетелде осындай сұрау салуларды орындау рәсімдеріне қатысу мүмкіндігіне ие бола ала ма?, — деп сауал жолдады депутат.
Ғалымжан Қойгелдиевтің жауабына қарағанда, осы Конвенцияның аясында Қазақстан тыйым салу, тәркілеу сияқты мәселелермен сұрау салуларды Еуропа мемлекеттеріне жібере алады.
— Сонымен қатар, біздің құқық қорғау органдарының өкілдері сол мемлекетке барып, тергеу іс-әрекеттеріне де бақылаушы ретінде қатыса алады, — деді ол.
Сұрақ қою рәсімі аяқталғаннан кейін Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Айжан Аймағанова сөз алып, Конвенцияны ратификациялау жаңа Конституцияда бекітілген заң үстемдігін, адам құқықтарын қорғауды және қылмыстық істер бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айтты.
— Бүгінде қылмыстар бір мемлекеттің шегінде қалмайды. Дәлелдемелер, куәлар, жәбірленушілер, күдіктілер мен активтер әр елде болуы мүмкін. Сондықтан тергеп-тексерудің тиімділігі қажетті мәліметтерді шетелден жедел алуға және процестік әрекеттерді уақтылы жүргізуге байланысты. Конвенцияның 28-бабына сәйкес, Еуропа кеңесіне мүше емес мемлекет Министрлер комитетінің шақыруымен оған қосыла алады. Қосылу туралы құжат Бас хатшыға тапсырылғаннан кейін Конвенция 90 күннен соң күшіне енеді. Қазақстан бұл бағытта 2001 жылдан бері жұмыс жүргізіп келеді. Заң жобасын қабылдау осы жұмыстың нәтижесі болып, еуропалық мемлекеттермен құқықтық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді. Заң жобасы жұмыс тобында талқыланып, Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің оң қорытындысын алды, — деді депутат.
Осыдан кейін заң жобасы бірінші және екінші оқылымда қаралып, қабылданды.