Шеттегі бауырларымыздың табанына кірген шөңге біздің жан жүрегімізді де сыздатуы қажет - Н. Назарбаев
АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Шеттегі бауырларымыздың табанына кірген шөңге біздің жан жүрегімізді де сыздатуы қажет.
Бүгін Астанада өтіп жатқан Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайында сөйлеген сөзінде ҚР Президенті - Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.
«Менің Жарлығыммен 2008 жылдан бастап қандастарымыздың жыл сайын көшіп келу квотасы 20 мың отбасына көтерілді. Елге ағылған ағайынның көшін жүйелеу мақсатында «Нұрлы көш» бағдарламасы қабылданып, оған қомақты қаражат бөлінуде. Осы бағдарлама арқасында бірқатар іргелі істер атқарылды. Облыс әкімдіктері көшіп келген қандастарға арнайы ауылдар салып, игілікті іс тындырды. Жұмысқа бейімдеу үшін орталықтар құрдық. Сырттан келгендерге тіл үйрету, мамандық беру жағдайын қолға алып жатырмыз»,-деді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте Елбасы бүгінгі Құрылтай барысында қандастарымызға қолдау көрсетіп, қамқорлық жасаудың нақты жолдары айқындала түсуі тиістігін атап өтті. «Сондықтан алдағы мақсат-міндеттерді бірлесіп белгілеп алғанымыз жөн ағайын»,-деді Н. Назарбаев.