Шеттен келетін жұмыс күші заңның осал тұстарын пайдаланып, салық төлеуден жалтаруда

 АСТАНА.  13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Шеттен келетін жұмыс күші заңның осал тұстарын пайдаланып,  салықтан жалтарып отыр.

Шеттен келетін жұмыс күші заңның осал тұстарын пайдаланып, салық төлеуден жалтаруда

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған сенатор Ертарғын Астаев осылай мәлім етті.

«Елімізде ТМД елдерінен келген адам саны ресми деректер бойынша тіркелген адам санынан әлдеқайда жоғары екені белгілі. Солардың ішінде, жұмысқа жалданып табыс табу мақсатында келген (көбінесе Өзбекстан, Қырғызстан т.б.) адамдардың тіркеуге   алынбайтын   негізгі   себебі,   арзан   жұмыс   күшін пайдаланып,   немесе  саудаға  салып,   пайда  табуға  машықтанған  жылпос кәсіпкерлер  оларды   «жолын   тауып»   шекарадан  тіркеусіз  өткізіп  алады. Соңынан  төлқұжаттарын сыпырып алып, мардымсыз жалақы төлеп, қара жұмысқа жегіп қояды немесе құрылыс жүргізіп жатқан жеке азаматтарға сатып жібереді. Осындай әдіспен олар делдалдар арқылы бір қолдан екінші қолға өтіп жатады», - дейді Е. Астаев.

Бұл ретте сенатор 2006 жылғы  «Мүліктерді жария етуге рақымшылық жасау туралы» Заңы қабылданған кезде осындай арзан жұмыс күшін пайдаланып жүрген кейбір кәсіпкерлер алғашында қарамағында істеп жүрген шетелдік жұмысшылар үшін мемлекетке азын-аулақ табыс салықтарын төлеп тұрғанын, алайда, кейіннен бұл заңның да осал тұстары табылып, салық төлеу толық тоқтағанын мәлімдеді.

«Орталық Азия республикаларынан ағылып жатқан арзан жұмыс күшінің басым бөлігі оларға қатаң талап белгілеген көрші Ресей мемлекетінде мигранттардың әрқайсысынан немесе оларды жалдаушы кәсіпкерлерден 10 000 рубль көлемінде бір жолғы табыс салығын өндіріп, патент алған соң ғана мемлекет аумағына кіруге рұқсат береді. Сондықтан да, келушілер Ресейден гөрі бізге үйір. Ендеше «Халықтың көші-қоны туралы» заңын тереңірек зерделеген ләзім», - дейді Е. Астаев.