«Шеврон» компаниясы 15 республикалық медициналық мекемеге жаңа құрал-жабдық алуға сертификат берді
Ы. Ақпанның 1-і. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Бүгін «Шеврон» компаниясы «Ұлт денсаулығы үшін серіктестік» атты қайырымдылық шарасы аясында Алматы қаласының 15 республикалық медициналық мекемесіне құрал-жабдықтар алуға сертификаттар табыс етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Биылғы жылы компанияның дәстүрге айналған қайырымдылық шарасы Алматы қаласының Денсаулық сақтау департаментімен бірлесе өткізілген.
«Бұл шараға біздің компания 23 миллион теңгеден аса қаражат бөліп отыр, осы қайырымдылық шарасы арқасында 15 медициналық мекеме өздерінің мекемелеріне керекті құрал-жабдыққа қол жеткізбек. Осыдан 2 жыл бұрын Астанада осындай шара өткізіп, сондағы медицина орталықтарына көмектескен болатынбыз», дейді «Шеврон» компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Замира Қанапиянова.
Шара барысында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының балалар бөліміне төсектің жоғары жағында орналасатын 10 консоль жиынтығы, операциядан кейінгі палаталарға арнап оттегіні реттегіштер және оттегіні ылғалдатқыштардың сертификаты, Педиатрия және балалар хирургиясының республикалық Ғылыми орталығына шағын наркоз аппаратының сертификаты берілді. Ал «Ақсай» Республикалық балалар ауруханасы магниттік терапия, электрлі терапия, ультрадыбысты және лазерлі терапия аппараттарына ие болады.
Табыс ету рәсімін «Дара» қайырымдылық қоры және «Таңсәрі» балалар думан театры бірлесіп ұйымдастырды.