Шиелі балабақшасында 1,5 жастағы баланың денесі 25 рет тістелген

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM -  Әлеуметтік желіде Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы балабақшалардың бірінде 1,5 жастағы қыз баланың денесі тістелгені туралы ақпарат тарады.

Шиелі балабақшасында 1,5 жастағы баланың денесі 25 рет тістелген
Фото: instagram.com/kritikakyzylordyy

– Тәрбиешінің көмекшісі сыртқа горшок төгуге кетіп, балалар жалғыз қалады. «Сол уақытта болған жағдай» депті балабақша басшылығы. 1,5 жасар қызды 1 жас 3 айдан асқан бала тістегенін айтқан. Кішкентай баланың 25 рет жалғыз өзі тістеп, осындай залал әкелуі қисынға соқпайды. Сағат 12-де болған сорақылықты кешке дейін ата-анасына айтпау, алғашқы медициналық көмек көрсетпеу үшін қаншалықты жауыз болу керек? Бейнекамера болғанымен аяқасты ашпай, істемей қалыпты. Істемейтін камера неге керек? Ол кезде тәрбиешінің өзі қайда? Көмекші неге тастап кетеді баланы? Негізі заң бойынша балаға тәрбиеші қарау керек, көмекші емес. Бұл 1-2 минутта болған жағдай емес, кемі жарты сағат уақыт алады. Сонда шырқырап жылаған балаға бір адамның келіп қарамағаны ма? - делінген Facebook пен Instagram әлеуметтік желісінің «Критика Қызылорда» парақшасында.

Сондай-ақ жазба авторы балабақшаны толық тексеруді, ата-анаға тиісті көмек көрсетуді, жауапсыз қызметкерлерді орнынан босатуды талап еткен. 

Шиелі балабақшасында 1,5 жастағы баланың денесі 25 рет тістелген
Фото: instagram.com/kritikakyzylordyy

Бұл мәселеге байланысты Шиелі аудандық білім бөлімі жауап берді.

– Жағдайға байланысты Шиелі ауданы бойынша білім бөлімінің 2025 жылдың 30 сәуірі №32 бұйрығына сәйкес мәселені зерделеу мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылды. Топ тәрбиешісі және тәрбиешінің көмекшісін жұмыстан шеттету бойынша ұсыныс берілді. Мәселе Шиелі ауданы бойынша білім бөлімінің қатаң бақылауында болады, - делінген ресми жауапта.

Ал аудандық полиция бөлімі осы жағдайға байланысты шара қолданылғанын атап өтті.

–  Балабақша тәрбиешісіне кәмелетке толмаған адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін шара қолданылды. Сонымен бірге Қызылорда облысының Білім басқармасына тиісті ұсыныс жолданды. Қазір полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының қызметкерлері профилактикалық бағытта түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр, - деп жауап берді.

Бұған дейін Шиелі ауданында 8-сынып оқушысын мектеп оқушылары зорлағаны туралы ақпаратты құзырлы орындар растады.

Соңғы жаңалықтар