Шиеліде кәсіпкерге 75 млн теңге қарыз өтелді
АСТАНА. KAZINFORM – Қызылорда облысы Шиелі ауданында прокурорлық қадағалау нәтижесінде кәсіпкердің бұзылған құқығы қалпына келтіріліп, төленбей қалған қаржысы өндірілді.
Аудандық прокуратура мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманың сақталуына жүргізген талдау барысында құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан кәсіпкерге тиесілі қаражаттың уақтылы төленбегенін анықтаған.
– Бөлім мен «Аксар Строй» ЖШС арасында 2025 жылғы 28 шілдеде «Жансейіт елді мекеніне ішкі газ тарату желілерін салу» бойынша 180 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Жұмыстар толық орындалып, нысан пайдалануға берілгеніне қарамастан, кәсіпкерге 105 млн теңге ғана төленіп, 75 млн теңге берешек кешіктірілген. Прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, нәтижесінде кәсіпкерге тиесілі қаражат толық өндірілді, – делінген прокуратура хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, қабылданған шаралар кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға және мемлекеттік органдардың міндеттемелерін уақтылы орындауына бағытталған.
Айта кетейік, Қызылордада 10 жыл бойы бюджет қаражатын жымқырған бухгалтерге қатысты үкім шықты.