10:57, 23 Қазан 2015 | GMT +5
Шиеленістерді қақтығыстарға жеткізбеген ЕҚЫҰ-ға қарыздармыз - Сенат Төрағасы (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Əр жылдары кездескен шиеленістерді аясы кең қақтығыстарға жеткізбей реттегені үшін біз Еуропадағы қауіпсіздік жəне ынтымақтастық ұйымына қарыздармыз, дейді бүгін «Хельсинки қорытынды актісінің (1975) жəне Астанадағы Саммиттің (2010) мерейтойына арналған ЕҚЫҰ жетістіктері мен қатерлері» атты халықаралық конференция барысында ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Қырғи қабақ соғыс» əбден шиеленіскен кезеңде ЕҚЫҰ Ванкуверден бастап Владивостокқа дейінгі үлкен кеңістікте тұрақтылық пен бейбітшіліктің сақталуына зор ықпал етті. Тіпті, сол «қырғи қабақ соғыс» біткеннен кейін де ЕҚЫҰ халықаралық қарым-қатынастарда салқындықты жою үшін көп еңбек сіңірді. Шиеленістердің ауқымды қақтығыстарға айналып, сол аумақта қан төгілмегені үшін біз ЕҚЫҰ-ға қарыздармыз», - деді Қ.Тоқаев.
Сенат төрағасы атап өткендей, содан бері қырық жыл өтсе де, ЕҚЫҰ-ның географиясы кеңейіп, қауіпсіздік мəселелеріндегі рөлі арта түскен. «ЕҚЫҰ - ұжымдық шешімдер қабылданатын, əрбір ел өз мүддесін қорғай алатын таптырмас диалог алаңына айналды», - деді Қ.Тоқаев ЕҚЫҰ жұмысына баға бере отырып.