14:49, 19 Сәуір 2011 | GMT +5
Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері пара бопсалағаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды - Қызылорда облысы
ҚЫЗЫЛОРДА. 19 сәуір. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облыстық прокурорының көмекшісі Батырбек Нұрмағанбетов Шиелі аудандық ішкі істер бөлімі учаскелік инспекторының көмекшісі А.Қырданов қызмет бабын пайдаланып, кәсіпкер әйелден пара сұрағаны үшін сот жүзінде жаза алғанын мәлімдеді.
Инспектор көмекшісі жол бойындағы кафе жанында КамАЗ жүргізушісінің басқа ыдысқа бензин құйып алып жатқанын көріп, осыдан өзіне пайда таппақ болады. Ол кафе иесі кәсіпкер әйелден осы «тәртіп бұзушылықты жабу үшін» өзіне 50 мың теңге беруді талап етеді. Бұған әйел 30 мың теңге ғана бере алатынын айтып жауап береді. Келесі күні тәртіп сақшысы бес мың теңге алып, қалған ақша үшін сосын келетін болады. Ал әйел осыдан кейін ішкі істер басқармасының қауіпсіздік қызметіне шағымданады. Сондықтан парақор жігіт қалған ақшаны алып жатқанда қолға түседі.
Шиелі аудандық соты А.Қырдановтың әрекетін үш жылға жалпы тәртіп бойынша сотталуға лайықты деп бағалады.