Шығармашылық сала мамандарын даярлауға 1600-ден астам білім гранты бөлінді

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде шығармашылық мамандыққа мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу бойынша отырыс өтті. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Гранты
Фото: halyq-uni.kz

Талқылауға Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Оқу-ағарту министрлігінің, Ғылым және жоғары білім министрлігінің, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының өкілдері, ЖОО басшылары және т. б. қатысты.

Мәдениет және ақпарат министрлігі еліміздің 10 оқу орнында шығармашылық мамандарды даярлайды. Олар 4 жоғары оқу орны, 4 колледж және 2 арнайы мектеп.

«Кездесу қорытындысы бойынша, 2024-2025 оқу жылына 895 — бакалавриат, 166 — магистратура және 26 — докторантураға білім грантын бөлу туралы шешім қабылданды. Кәсіптік және техникалық білім беру мекемелері арасында 550 бюджеттік орын бөлінді. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 50 грантқа артық», — делінген хабарламада. 

Сарапшылар шешім қабылдау барысында ең алдымен еңбек нарығының қажеттіліктерін ескерді. Нәтижесінде музыкалық театр режиссерлеріне, музыкатанушыларға, реставратор-суретшілерге және сценаристерге деген жоғары сұранысты анықтады. Осыған байланысты жаңа білім беру бағдарламаларын ашып, гранттар санын көбейту арқылы осы мамандықтар бойынша кадрлар даярлауға назар аудару ұсынылды.


Соңғы жаңалықтар