Шығын көлемі — 579 млн теңге: Ақтөбелік емші сотта ақшаны қайда жұмсағанын айтпады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Жарыссөзде прокурор емші Сұлушаш Қазбаеваны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Істе 136 жәбірленуші бар.

№ 2 Ақтөбе қалалық сотында бүгін жарыссөз өтті. Прокурор Гүлназым Алиева емшінің диспансерлік есепте тұрмайтынын, ол жасаған қылмыс қоғамдық сипаты бар екенін ескеріп, бас бостандығынан айыру жазасының ең жоғарғы мерзімін тағайындауды сұрады.

— Сотталушы С.Қазбаева несиені төлеу кестесі өзінде болғанын жоққа шығармады. Алайда өзінің кінәсін мойындамайтынын, 136 жәбірленушінің ешқайсысынан алаяқтық жолмен несие алмағанын, барлық жәбірленуші өз еркімен ақша алып бергенін және айыптау актісіндегі сомамен келіспейтінін көрсетіп, жауап берді. Қазбаева сот тергеуі өткен 4 айда жәбірленушілердің несиеге алған ақшасын қайда жібергенін айтпады, бұл туралы сұрақтарға жауап беруден бас тартты. Қазіргі таңда 579 млн теңгеге жақын қаражаттың нақты қайда кеткені беймәлім. Қазбаеваны кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, жаза өтеу орнын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесі деп белгілеуді сұраймын, — деді прокурор прокурор Гүлназым Алиева.
Сот жарыссөзі кезінде жәбірленушілердің 1 млн теңгеден бастап 24 млн теңгеге дейін несие рәсімдеп, бүгінде оны өздері төлеп отырғаны, кейбірі қарызды өтеуді тоқтатқанын айтты. Прокурор сотталушыдан жәбірленушілердің қарызын өндіруді де сұрады.
Айта кетейік, емші Сұлушаш Қазбаева Әйтеке би ауданы Ақкөл ауылында мешіт, Әйтеке би ауданында тойхана саламын, кәмелет жасқа толмаған қызын Түркия еліне емге апарамын, жеке клиника ашып, кәсібін дамытамын деп өзіне келген емделушілерге несие рәсімдеткен. Іс сотта қарала бастағанда 90 жәбірленуші болып, кейін тағы ондаған адам қосылды.
Оған Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабымен айып тағылып, биыл қаңтар айында қамауға алынды.