Ақтөбеде адамдарға несие рәсімдеткен емшінің ісі сотта қаралып жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Емші 406 млн теңгеден астам шығын келтірді деген күдікке ілікті. Сотта 90 жәбірленуші бар.

№2 Ақтөбе қалалық сотында емші Сұлушаш Қазыбаеваға қатысты іс қарала бастады. Оған Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айып тағылды.
Айыптау актісіне сүйенсек, ол 2018-2024 жылдар аралығында 90 адамды алдап соққан. Өзін кәсіби емші және шығыс халық медицина магистрі екенін айтып, үйіндегі арнайы ем жасауға арналған кабинетінде адам қабылдайды. Сол жерде ем жасаған.
- С.Қазыбаева ем алуға келуші азаматтардың көп екенін ескеріп, қасақана, тікелей пайдаға кенелу ниетімен алаяқтық, яғни, екі немесе одан да көп адамға қатысты бірнеше рет бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау жолымен иемденуді ойлайды. Өз ойын жүзеге асыру мақсатында қайтыс болған інісінің атына Әйтеке би ауданы Ақкөл ауылында мешіт саламын, сонымен қатар кәмелет жасқа толмаған қызын емдету үшін Түркия еліне барамын деп айтады. Сөйтіп өзіне ем алуға келген тұтынушыларға әртүрлі банктен несие алып беруін өтініп, ақшасын 2 ай ішінде толық жауып бере алатын мүмкіндігі бар екенін айтып сендіреді,- деді мемлекеттік айыптаушы Гүлназым Әлиева.
Бүгін сот отырысына жәбірленушілердің бір бөлігі келді. Олар қалай алданып қалғанын айтып берді.
- Мен 2,5 млн, жолдасым 2 млн теңге алып берді. Жолдасым «қара тізімге» енбес үшін төлеп жатыр. Қазір біз саяжай аумағында тұрамыз. Қызымызға ем іздеп барған едік. Ол отырмайды, жүре алмайды. Сеніп едік. 2024 жылдың қаңтар айынан бастап 6 ай ем алғанбыз. Бірақ ешқандай нәтиже бермеді,- деді жәбірленуші Гүлбану Науанова.
Сұлушаш Қазыбаева отбасылы, екі қызы бар. Ол соттың жабық өткенін қалағанымен, ҚР заңнамасы аясында сот ашық өтіп жатыр.
Еске салсақ, Ақтөбеде адамдарды алдаған емші қаңтар айында ұсталды. Оған Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабымен іс қозғалып, тергеу жүрді.