Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында электр энергиясының тарифі өзгерді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында электр энергиясына жаңа тарифі осы аптадан бастап күшіне енді. 

Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында электр энергиясының тарифі өзгерді
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Бұл туралы екі өңірге қызмет көрсететін «Біріккен ЭнергоСервис Компаниясы» АҚ мәлімдеді. 

Компанияның ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, тарифті көтеру туралы шешім Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитеті ШҚО бойынша департаментінің қорытындысы негізінде қабылданған. Тарифтердің өсуі көтерме нарықтағы бағаның қымбаттауына байланысты болып отыр. 

Жаңа тариф мөлшерлері (ҚҚС-сыз):

- Тұрмыстық тұтынушылар үшін — 19,332 теңге кВт/сағ;
- Өзге тұтынушылар үшін — 34,877 теңге кВт/сағ;
- Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерге — 31,583 теңге кВт/сағ;
- Бюджеттік ұйымдарға — 61,084 теңге кВт/сағ.

Сонымен қатар халық үшін бұрынғыдай дифференциалды тариф жүйесі сақталады. Тариф мөлшері тұтыну көлеміне, электр плитасының болуына, үйдің газбен қамтылу жағдайына және әлеуметтік мәртебеге байланысты өзгереді. Мәселен, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін алғашқы 120 кВт/сағ көлеміндегі тұтынуға белгіленген тариф 16,666-17,062 теңге аралығында.

Еске салсақ, осыған дейін қытайлық компания Шиеліде күн электр станциясын салып жатқаны хабарланған

Соңғы жаңалықтар