Шығыс Қазақстан облысында балаларға екпе салу көрсеткіші төмендеді
АСТАНА. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында кейбір жоспарлы екпелермен қамтылған балалардың үлесі 50 пайызға да жетпеген. Санитариялық дәрігерлер мұның себептерінің бірі ретінде маусымдық суық тию аурулары мен сәбилерге қызылшаға қарсы қосымша вакцина салу науқанын атады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Жаңа туған нәрестелер арасында вакцинация көрсеткіші 90 пайыздан асса, бір жасқа дейінгі балаларға арналған жекелеген екпелер бойынша бұл көрсеткіш 50 пайызға да жетпейді. Иммундау статистикасы мен екпе күнтізбесінен ауытқу себептері Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Осы жылдың тоғыз айында вакцинациямен қамту деңгейі жаңа туған нәрестелер арасында ең жоғары болды. Сәбилердің 96 пайызына туберкулезге қарсы БЦЖ екпесі, ал 93,3 пайызына В гепатитіне қарсы вакцина салынған.
Бір жасқа дейінгі балалар арасында АКДС және Hib вакциналарының үшінші дозасын алуға тиіс балалардың 49,8 пайызы ғана екпе алған. Пневмококк инфекциясына қарсы вакцинаның екінші дозасымен қамту көрсеткіші де шамалас – 49,5 пайыз.
Бір жастағы балалардың 60,2 пайызы қызылшаға, қызамыққа және эпидемиялық паротитке қарсы біріктірілген вакцинаның (ҚҚП) бірінші дозасын алған. Ал осы жастағы балалардың тек 36,7 пайызына АКДС және Hib вакциналарының төртінші дозасы салынған.
– Вакцинациямен қамту көрсеткішіне, әсіресе пневмококк инфекциясына қарсы екпелер бойынша, маусымдық фактор тікелей әсер етті. Күздің келуімен суық тию ауруларына байланысты екпеге уақытша медициналық қарсы көрсетілімдер саны дәстүрлі түрде артты. Сонымен қатар 6–11 айлық сәбилерге қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізілуіне байланысты екпе кестесіне түзетулер енгізілді, – деп түсіндірді Шығыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина.
Салалық ведомствоның мәліметінше, Ұлттық егу күнтізбесінде көзделген барлық вакцина тіркелген жері бойынша емханаларда тегін салынады.
2026 жылдың тоғыз айында өңірде иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністердің, соның ішінде ауыр аллергиялық реакциялардың бірде-бір жағдайы тіркелмеген.
Эпидемиологтер ата-аналарды медициналық негізсіз жоспарлы екпелерді кейінге қалдырмауға шақырады. Мамандар вакцинацияны уақытылы жүргізу ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына ықпал етіп, жұқпалы аурулардың өршу қаупін төмендететінін еске салады.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында биылғы сегіз айда 564 адам қызылша жұқтырғаны, олардың 445-і 14 жасқа дейінгі балалар екені хабарланған. Ауруға шалдыққандардың 63 пайыздан астамы вакцина алмаған.