Шығыс Қазақстан облысында мейірім акциясы өтті

Шығыс Қазақстан облысында мейірім акциясы өтті
Фото: ШҚО бойынша ҚАЖ департаменті

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында 1 наурыз – Алғыс айту күнінде қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету үшін мейірім акциясы өтті.

ШҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің қызметкерлері мерекеде жалғызбасты зейнеткерлерге көмектестті. Олар «Мейірім – бұл жай ғана сөз емес, өмір салты» ұранымен қарттардың ауласын қардан тазартты.

«Қарт адамдар мұндай көмекке мұқтаж, өйткені көбіне қозғалу қиын. Ал өткен аптада Шемонаиха ауданында және Өскемен қаласында жауған қалың қардан үйден шығудың өзі ауыр», - дейді №18 түзету мекемесінің жасақ бастығы Жәнібек Мұқаш.

Мекеме қызметкерлері аулалар мен көшелердегі қар басқан жолдарды да тазалаған. Мейірім акциясынан құтқарушылар да қалыс қалмады. Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылына қарасты №16 өрт сөндіру бөлімінің командирі Серік Айтқали Әли есімді баласымен бірге Рыбацкая көшесінің тұрғындарына аула тазалауға қолұшын созды. Ал Риддер қаласының № мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің жүргізушісі Асхат Смағұлов Нұржігіт есімді ұлымен тізе қосып, ерекше қажеттілігі бар тұрғындарға қар күреп көмектесті.

«Облыс аудандары мен қалаларындағы барлық қызметкеріміз осындай шаралардан шет қалмайды. Құтқарушыларымыз осындай әрекеттерімен келешек ұрпақты еңбекке баули отырып, аға буынға сыйластық жасауға үйретеді», - деді ШҚО ТЖД бастығы Ерғали Бахаев.

Аталған іс-шара Шемонаиха қаласында да жалғасын тауып, №28 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Қанат Бижанов бес жасар ұлымен бірге жалғыз тұратын қарт ананың ауласын тазалап берді.

Алтай ауданына қарасты Октябрьский кентінің №20 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Ришат Нұрахметов балаларымен бірге қамқорлыққа мұқтаж әйелге көмектесті.

Соңғы жаңалықтар