Шығыс Қазақстан ормандарын өрттен «ақылды мұнаралар» қорғайды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында биылғы жазда ормандарда өртті ерте анықтайтын жүйе орнатыла бастайды.

Жыл басынан бері өңірдегі ормандарда 4 рет өрт шыққан. Жалын 179 гектар аумақты шарпыды. Енді өрттерді тез анықтап, сөндіріп отыру үшін арнайы жүйе іске қосылмақ.
Мамыр айында облыстағы тоғыз орман шаруашылығында камералар мен датчиктер қойылған мұнараларды орнату бойынша пилоттық жоба жүзеге асырыла бастайды. Олардың ішінде Марқакөл, Үлкен Нарын, Алтай, Самар аудандары бар.
- Бұл мұнаралар түтінді бірден байқап, орман шаруашылығы диспетчерлеріне нақты уақыт режимінде мәліметтерді беріп отырады. Оператор «Қазақтелеком» АҚ келесі айдан ормандардағы тиісті учаскелерді бекітеді. Барынша көп аумақ көрінетіндей жерді таңдау қажет, - деп хабарлады ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан.
Жаңа жабдық күн батареяларынан қуат алады. Бұл әсіресе көліктердің жетуі қиын және электр желілері тартылмаған аймақтар үшін аса маңызды.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО Зайсан ауданында қамыс өртенгені жайлы жазғанбыз.