Шығыс Қазақстанда 23 мыңнан астам адам қант диабетіне шалдыққан

Шығыс Қазақстан облысында 23 473 адам қант диабетіне шалдыққан, деп хабарлайды Kazinform.

диабет
Фото: Pexels

14 қараша – Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні. Бұл күн 1991 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бекітілген.

ШҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңір бойынша 23 473 адам қант диабетімен ауырады.

«Ауруды бастапқы сатысында анықтау үшін халыққа түсіндіру жұмыстары барынша жүргізілуде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, қант диабетіне шалдыққандардың 81 пайызы табысы төмен және орташа елдерде тұрады. Бұл сырқаттың кеңінен таралған екі түрі бар. Бірінші түрі - инсулинге тәуелділік. Көбінесе балаларда кездеседі. Күн сайын инсулин алып тұруды қажет етеді. Аурудың бұл түрінің себебі белгісіз, сондықтан оның алдын алу мүмкін емес», - дейді басқарманың штаттан тыс бас эндокринологы Бибінұр Сафиуллина.

Оның айтуынша, қант диабетінің екінші түрінде инсулинге тәуелділік болмайды. Ересек адамда болатын бұл ауру организмнің инсулинді тиімсіз пайдалануы нәтижесінде дамиды.

«Науқастардың көбі осыған шалдыққан. Негізінен артық салмақ пен физикалық қимыл-қозғалыстың аздығынан болады. Аурудың белгілері бірден байқалмауы мүмкін. Соңғы уақытқа дейін қант диабетінің мұндай түрі тек ересектер арасында байқалса, қазір балаларда да кездеседі», - дейді Б.Сафиуллина.