Шығыс Қазақстанда 3,6 млрд теңгеге 131 ветеринариялық нысан салынады

АСТАНА. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында 2026–2027 жылдары 3 млрд 633 млн теңгеге 131 ветеринариялық нысан салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Ірі қара мал басы
Фото: АШМ

Аталған нысандардың ішінде 7 ветеринариялық станция, 70 ветеринариялық пункт және 54 мал қорымы бар.

Жоба ветеринариялық қауіпсіздікті нығайтуға, ауылдық жерлерде ветеринариялық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және мал шаруашылығы субъектілеріне көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.

Биыл 60 нысанның құрылысына 1 млрд 662,5 млн теңге бөлінген. Ал 2027 жылы тағы 71 нысан салуға 1 млрд 970,5 млн теңге қарастырылған.

Нысандар өңірдің аумақтық ерекшеліктері мен қажеттіліктеріне қарай орналастырылады. Ветеринариялық станциялар аудан орталықтарында, ал ветеринариялық пункттер ауылдық округтерде бой көтереді.

Бұл ветеринариялық қызметтерді мал шаруашылығы субъектілеріне жақындатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өтініштерге жедел ден қоюға, профилактикалық тексерулер мен диагностикалық зерттеулер жүргізуге және эпизоотияға қарсы іс-шараларды уақытылы ұйымдастыруға жағдай жасайды.

Қазіргі уақытта жоспарланған 32 ветеринариялық пункттің 16-сының құрылысы толық аяқталған. Бұдан бөлек, салынуы көзделген 25 мал қорымының 12-сі пайдалануға дайын.

Қалған нысандардың құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жалғасып жатыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту және ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жалғастырып келеді. Бұл ретте шалғай ауылдарды ветеринариялық қызметтермен қамтуға басымдық беріліп отыр.

Осыған дейін Ақтөбеде ветеринариялық станса мен пункт салуға миллиардтар жұмсалатыны туралы жаздық.