Шығыс Қазақстанда қар көшкіні түсірілді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді.

қар
Фото - ШҚО ТЖД

«Қазселденқорғау» ШҚ филиалының мамандары жүргізген мониторинг нәтижесінде «Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнарлары» тасжолының 58-66 шақырымындағы қар қалыңдығы 45-тен 75 см-ге дейін жеткені анықталды. Сондықтан қауіпсіздік мақсатында профилактикалық көшкін жүргізу қажеттілігі туындаған.

«Тау бөктерінде 4 рет жарылыс жасалды. Барлығы 4700 текше метр қар түсірілді. Қар көлік жолын жартылай жауып қалды. Учаскені жол қызметтері жедел тазартты», - деп хабарлады облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

Қар көшкіні қаупі жоғары кезең басталғалы бері өңір бойынша барлығы 44 рет қар көшкіні түсірілген.

Осы ретте, құтқарушылар өңір жұртшылығына алыс сапарға шығар алдында жолдың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес берді.

Соңғы жаңалықтар