Шығыс Қазақстанда қар көшкіні түсірілді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында қалың қар жауып, жел соғып, көшкін жүру қаупі артқан.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қар көшкінінің алдын алу шарасы бүгін «Өскемен-Горная Үлбі-Северное» тасжолында жүргізілді.
- Тау бөктерінде бірнеше жарылыс жасалып, 680 текше мерт қар түсірілді. Қар жолды жауып қалды. Көп ұзамай арнайы техникамен жол тазартылып, қайта ашылды, - делінген ақпаратта.
Өңірдің таулы аудандарын көшкіннен қорғау үшін барлығы 1459 қар ұстайтын қалқан орнатылған. ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары қар көшкіні қаупіне тұрақты түрде мониторинг жасап жатыр. Соңғы күндері қалың қар жауып, жел күшейгендіктен тұрғындарға әзірге тауға барудан бас тартқан жөн.
Еске салсақ, бұған дейін ШҚО құтқарушыларының халыққа ескерту жасағаны хабарланған.