Шығыс Қазақстанда қар көшкіні түсіріледі

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында ертең жасанды жолмен қар көшкіні түсірілмек. 

қар көшкіні
Фото: Pexels

Бұл туралы «Казселезащита» ММ облыстық филиалынан мәлім етті.

- 19 желтоқсанда сағат 10.00-де облыстық маңызы бар Өскемен-Тарғын-Самар тасжолының (132-137 шақырымында) учаскесінде профилактикалық мақсатта қар көшкіні түсіріледі. Сондықтан көлік жүргізушілеріне өз бағыттарын алдын ала жоспарлап алуға кеңес береміз, - делінген ақпаратта.

Осы ретте, ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті өңір жұртшылығын таулы жерлерге барудан бас тартуға шақырды. Себебі алдағы күндері қар көшкіні жүру қаупі сақталады.

- Егер қандай да бір қиындыққа тап болсаңыздар, бірден «112» нөміріне қоңырау шалыңыз. Алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы тексеріп алыңыз, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда 19-21 желтоқсан күндері боран соғып, қар жауатындығы хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар