Шығыс Қазақстанда көкжөтелмен ауырғандар саны күрт өсті
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 117 адам көкжөтелмен ауырған. Оның ішінде 39-ы бір жасқа дейінгі бала. Ал өткен жылы осы ауруға тек 3 адам ғана шалдыққан.

ШҚО санитарлық-эпидимиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, облыс бойынша Өскемен қаласының тұрғындары көкжөтелге жиі шалдыққан.
- Өскеменде – 94, Ұлан ауданында – 9, Глубокое ауданында – 4, Зайсан ауданында – 3, Тарбағатай және Шемонаиха аудандарында – 2, Риддер қаласы, Күршім және Алтай аудандарында – 1 адам көкжөтелмен ауырды. Жас ерекшелігі бойынша 39-ы 1 жасқа дейінгі сәби, 68-і 1-5 жас аралығындағы бала, 8-і 6-9 жас аралығындағы бала, 2-і 19 жастағы және одан ересек адам, - дейді департамент басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина.
Науқастардың ішінде 93-і екпе алмаған. Оның ішіндегі 9 бала екпе жасына жетпесе, 28-інде медициналық қарсы көрсетілімдер болған. Ал 47-і екпеден бас тартса, 9-ы екпені өткізіп алған.
2023 жылы облыста көкжөтелдің тек 3 расталған жағдайы тіркелген болатын.
Айта кетейік, көкжөтел — бұл бактериялық инфекция. Әсіресе балалар арасында жиі тарайтын ауру. Бұл ауруды Bordetella pertussis бактериясы тудырады, ол тыныс алу жолдарына әсер етіп, ұзақ әрі қатты жөтелге әкеледі.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде халық тұншығып, ал сарапшылар ауа сапасының мониторингі сылбыр жүргізілетінін сынағаны хабарланған.