Шығыс Қазақстанда құрылысы заңсыз жүргізілген 12 нысан сүрілді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері құрылысы заңсыз жүргізілген 12 нысан сүрілді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Қайырдинов мәлім етті.
— Биыл тоғыз айда жүргізілген жоспардан тыс тексерулердің нәтижесінде 284 әкімшілік іс қозғалды. Компаниялардан жобалық құжаттамасыз құрылыс жүргізу және құрылыс жұмыстарының сапасына қойылатын талаптарды бұзу сияқты заңбұзушылықтар анықталған. Нәтижесінде 133 құрылыс лицензиясының қолданысы алты айға тоқтатылды. Тағы 9 лицензияның күші жойылды, — деді ол.
Заңбұзушылықтарды жою туралы 133 нұсқама беріліп, 12 нысан сүрілді.
— Қазір Өскеменде 34 тұрғын үй кешені салынып жатыр. Мамандар әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жүргізіп, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы талаптардың сақталуын бақылайды. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда тұрғындарға ақпарат беріледі. Құрылыс саласындағы мемлекеттік бақылау тәртібі де өзгерді. 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді. Құжат құрылыс сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейтіп, мемлекеттік бақылаудың жаңа тетіктерін енгізді, — деді Самат Қайырдинов.
Соның бірі — нысанды пайдалануға қабылдау рәсіміне мемлекеттік құрылыс инспекторының міндетті түрде қатысуы. Енді инспектор нысанның орналасқан жеріне барып, оның белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді. Бұл құрылыс сапасын бақылауды күшейтіп, талапқа сай келмейтін нысандардың пайдалануға берілуінің алдын алуға бағытталған.
Еске салсақ, осыған дейін СҚО-да құрылыс сапасы қалай бақыланатыны хабарланған.