Шығыс Қазақстанда метапневмовирус жұқтырғандар тіркелген жоқ
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында метапневмовирус инфекциясын жұқтырғандар тіркелген жоқ.
ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, биылғы эпидемиялық маусымда облыста метапневмовирус жұқтырғандар болған жоқ. Алайда 2022 және 2023 жылдары 14 жасқа дейінгі балалар арасында метапневмовируске шалдыққан 1 баладан тіркелген.
- Өңірде өткен аптадан бері 6466 адам ЖРВИ-мен ауырды. Оның ішіндегі 3436-ы 14 жасқа дейінгі бала. Барлығы 83 адам ауруханаға жатқызылды. Оның алдындағы аптамен салыстырғанда ауырғандар саны 34,7%-ға азайғаны байқалады, - дейді департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина.
Күз басталғалы бері Шығыс Қазақстанда 100 мыңнан астам ЖРВИ-ге шалдыққан. Өткен эпидемиялық маусыммен салыстырғанда ауырғандар көрсеткіші 8,89%-ға өсті.
Еске салсақ, осыған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қазақстанда метапневмовирустың таралуына байланысты мектептерде шектеулер енгізу туралы сұрақтарға жауап бергені хабарланған.