Шығыс Қазақстанда су тасқынының екінші кезеңі басталды

тасқын су
Фото: ШҚО ТЖД

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында су тасқынының екінші кезеңі басталды.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда өңір аумағының 44 пайызында әлі қар жатыр. 

тікұшақ
Фото: ШҚО ТЖД

«Таулы аймақтарда және таулардың оңтүстік беткейлерінде қар еруіне байланысты облыста су тасқынының екінші толқыны басталды. Солтүстік, солтүстік-шығыс және шығыс бөліктегі аудандар ерекше бақылауда. Олар Риддер қаласы, Алтай, Самар, Марқакөл, Глубокое, Катонқарағай, Күршім және Шемонаиха аудандары» делінген ақпаратта. 

Су тасқыны қаупін бақылау үшін тікұшақпен Өскемен-Алтай-Катонқарағай бағыты бойынша аэровизуалды мониторинг жүргізілді.

су тасқыны
Фото: ШҚО ТЖД

Оған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов, ШҚО ТЖД бастығы Ерғали Бахаев және басқа да мүдделі органдардың мамандары қатысты. 

«Соның нәтижесінде, Сарымсақты тауының оңтүстік бөктерінің таза екені белгілі болды. Зубовск және Малеевск кенттеріндегі өзенде жүргізілген жағалауды нығайту жұмыстары қаралды. Қазір Шығыс Қазақстандағы барлық гидротехникалық құрылыстар штаттық режимде жұмыс істеп тұр» делінген хабарламада. 

барлау
Фото: ШҚО ТЖД

Жергілікті атқарушы органдар каналдарды, арықтарды және көпірлерді тазарту бойынша жоспарланған жұмыстарды толықтай жүргізді. Жағалауды нығайту және өзендердің түбін тереңдету, ыдыс-қаптарды төсеу жұмыстары жалғасып жатыр. 

таулар
Фото: ШҚО ТЖД

 

Соңғы жаңалықтар