Шығыс Қазақстанда заңға қайшы 3 мыңнан астам сайт бұғатталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының полицейлері есірткі заттарын ұсынатын және порнографиялық сипаттағы сайттарды бұғаттап жатыр.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл бұл бағыттағы жұмыстар біршама күшейтілді.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және заңға қайшы контентпен күресу мақсатында полицейлер интернет кеңістікті белсенді түрде қадағалап келеді. Өткен жылы тыйым салынған ақпаратты таратқан 1770 сайт анықталып, бұғатталды. Бұғатталғандардың ішінде есірткі заттарын ұсынатын, суицидті насихаттайтын, порнографиялық сипаттағы материалдар мен заңсыз онлайн-казино орналастырылған сайттар бар.
Ал жыл басынан бері бұғатталған сайттардың саны 3 000-нан асқан.
Осы ретте, тәртіп сақшылары азаматтарды қырағы болуға, күмәнді интернет-сайттар туралы дереу полицияға хабарлауға шақырды.
Еске салсақ, осыған дейін шымкенттік тұрғын виртуалды нөмірлерді пайдаланып алаяқтықпен айналысқаны жайлы жазғанбыз.