Шығыс Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы қылмыс азайды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында осы жылдың басынан бері жасөспірімдер арасындағы қылмыс 14 пайызға азайып отыр.

ШҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу мәселесі күн тәртібінде. Елімізде жасөспірімдер арасындағы қылмыс өскенімен, Шығыс Қазақстанда 2023 жылдың қорытындысы бойынша 23%-ға төмендеуі байқалды.
«Ал осы жылдың басынан бері барлығы 19 қылмыс тіркеліп отыр. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 14%-ға аз. Облыс прокуратурасы жүргізген талдау қиын өмірлік жағдайға тап болған әрбір отбасымен жеке жұмыс жүргізіп, жасөспірімдердің бос уақытын ұйымдастыру, спорт секциялары мен үйірмелерге көптеп тарту қажеттігін көрсетті. Сондай-ақ білім беру ұйымдары, полиция және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту керек», - делінген ақпаратта.
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу тақырыбы да өзектілігін жойған жоқ. Осы ретте, мектеп психологтарының рөлі маңызды.