Шығыс Қазақстанда жер үйлердегі өрт 12 пайызға көбейген
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары жылыту маусымын қорытындылады.

Былтырғы күз бен биылғы көктем аралығында өңір бойынша жер үйлер аумағында 351 өрт шыққан. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылыту маусымымен салыстырғанда 12%-ға артып отыр. Тілсіз жаудың көбі моншалар мен шаруашылық қора-жайларда тіркелген.
— Ал өрт салдарынан қаза болғандар саны 7%-ға азайды. Олардың басым бөлігі — жұмыссыздар мен зейнеткерлер. 47% жағдай төсекке мас күйде жатып шылым шегу салдарынан болған. Отты абайсыз қолданудың салдарынан 6 адам, ал пеш жабдықтарын орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағаннан 3 адам көз жұмды, — деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметінен.
Шығыс Қазақстанда пеш жағып отырған әлеуметтік тұрғыда осал отбасылар азаматтық қорғау органдарының ерекше бақылауында. ТЖД және жергілікті атқарушы органдар бұл санаттағы азаматтардың әр үйіне екі реттен профилактикалық тексеріс жүргізген. Нәтижесінде үйлердің 36%-ында өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғаны анықталды.
Жалпы жылыту маусымында 23 адамға иіс тиіп, 2 адам қаза болған. Өткен жылмен салыстырғанда зардап шеккендер саны 32%-ға азайды.
Еске салсақ, осыған дейін Өскемен тұрғынын өлтірген ер адам қылмысын жасыру үшін пәтерді өртеп жібергені жайлы жазғанбыз.