Шығыс Қазақстанда жыл сайын 2500 адамнан қатерлі ісік анықталады

Шығыс Қазақстан облысында жыл сайын орта есеппен 2500 адамнан қатерлі ісік анықталып жатыр, деп хабарлайды Kazinform. 

Шығыс Қазақстанда жыл сайын 2500 адамнан қатерлі ісік анықталады
Фото: Kazinform

Қатерлі ісік ауруы бойынша республикалық статистикада Шығыс Қазақстан көп жылдар бойы алдыңғы орында келеді. Облыста жыл сайын орта есеппен 2500 жаңа қатерлі ісік ауруы анықталады. Бұл туралы өңірдің бас онкологы Гүлмира Сағидуллина мәлім етті.

«Бүгінде ШҚО-да онкологиялық есепте 13 878 науқас тұр. 2018 жылдан бастап елімізде онкологиялық көмек «Қазақстан Республикасында қатерлі ісікке қарсы күрестің 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарын» іске асыру шеңберінде жүзеге асырылды. Соның барысында облыста онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші 15,3 пайызға төмендеген», - дейді ол.

Бас онкологтың айтуынша, науқастардың арасында ерлерге қарағанда әйелдер көп. Ауырғандар ішінде 60-70 жас аралығындағы пациенттер жиі байқалады.

«Енді қатерлі ісікке қарсы күрестің 2027 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілді. Тиімділігі жоғары ерте диагностикалау, мамандандырылған емдеуді дамыту, паллиативтік көмек пен оңалту, ғылыми бағыт пен кадрларды дамыту сынды бағыттар бойынша жұмыс жүргізілмек», - дейді Гүлмира Сағидуллина.